Түтінің түзу шықса да, қисық ұшса да ӘЙЕЛДЕН! (ғибрат)
Түтінің түзу шықса да, қисық ұшса да ӘЙЕЛДЕН! (ғибрат)
3 жыл бұрын 6830
Айгерім Таубай

«Ертеде бір ағайынды екі жігіт болыпты. Бірін-бірі көрмесе тұра алмайды. Бір күні ағасы, бір күні інісі қонақасына шақырып, мамыражай бақытты белшесінен басқан күндерді кешіп жатады. 

Бір күні екі жігіт отырып: 

- «Біздің мызғымас татулығымыз бен айрандай ұйыған ынтымағымызға ешкім нұқсан келтіре алмайды. Бәрі екеуміздің арқамызда!» - деп көкірек қара сөйлейді. 

Осыны естіген екі абысын: 

- «Мыналар астамшылық жасайын деген екен! Бұларға бақыт кімнің қолында екенін көрсетейік бір!» - деп түйіпті. 

Ағайындылар келесіде ағаның үйінде бас қосады. Арқа-жарқа болып ас ішіп отырғанда інісінің келіншегі күйеуіне: 

- «Әй, ағаң сені кемсітейін деген екен. Қарашы, өз баласына асықты жілік беріп, сенің балаңа кәрі жілік берді. Мұнысы қай басынғаны?!» - деп сыбыр ете қалады. 

Сонда қаны қызған інісі аттай тулап, ағасына дүрсе қоя береді. Екі бауыр осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бір-біріне ат ізін салмай, бет көріспей кетіпті. 

Күндердің күнінде екі абысын ақылдасып қазан көтеріп, екі бауырды татуластырмақшы болады. Үлкен абысын ағаны: 

- «Әй, сен үлкендігіңді жаса! Шынымен-ақ, сен ағаттық жасадың!» - деп інінің шаңырағына ертіп келеді. 

Осы басқосуда абысындар бар шындықтың бетін ашып: 

- Естеріңде ме «Біздің мызғымас татулығымыз бен айрандай ұйыған ынтымағымызға ешкім нұқсан келтіре алмайды. Бәрі екеуміздің арқамызда!» дегендерің? Олай қателеспеңдер. Ағайынның ұюы да, іруі де біздің бір ауыз сөзімізге байланысты!» - деп ағайынды жігіттерді сабасына түсіріпті». 

Түтінің түзу шықса да, қисық ұшса да ӘЙЕЛДЕН! 

Ел аузынан 

Дереккөз: qamshy.kz

0 пікір