Тылсым дүние
Сол баяғы Ақтаудан Жетібайға келе жатырмыз, демалыс күні қыдырып шықтық та қызыл іңірге шейін ауылға қайта алмадық. УАЗ автокөлігімен келе жатырмыз, кабинада екі балам, жолдасым, төртеуміз. Күннің қызылы сене бастаған мезгіл, күздің ызғарлы желі ызыңдап, көліктің терезесінен ысқырып тұр әшинақ. Руда карьерінің тұсына жете бергенде, теп-тегіс жолдың бойында, шашы тарам-тарам, кірден кірігіп кеткен жүн сияқты, үстінде жоңқыт-жоңқыт, жеңі шолақ сарғыш көйлегі бар бір жастау әйел бөрсең қағып кетіп бара жатқанына көзіміз түсті. Менің бірден ойыма келгені — жаным ашып, қызыл іңірде неғып жалаңаш жүрген жан? деп машинама мінгізіп алғым келгені. Осы оймен бірден тежегішті бастым да: «Мінгізіп алайық, тоңып қалған шығар байғұс», — дедім. Қызым: «Аға, ол шайтан! Тоқтама!» — деп шар ете қалды. Сол-ақ екен, есімді жиып қайта қарасам, әлгі әйел ізім-қайым жоқ болып кеткені. Содан газды баса түсіп, Қарақияның үстіне шығып барып тоқтадық.
Аяқ астынан жаяу келе жатқан әйелдің құйын соққандай жоқ болып кеткені біз үшін жұмбақ болып қалды. Өтірік десең, жалғыз маған емес, төртеумізге де көрінді, көз алдымызда жоқ болып кетті. Әрине, жын әлемінің бар екені кәміл ғой, бірақ өзіңе кездескен кезде шынымен сасады екенсің — тылсым дүние...
Насыреддин Қожырбайұлы, ақын, жазушы.