Әшәб ибн Абдулазиз Имам Малик туралы былай дейді: «Бірде ел жатқан уақытта сыртқа шықтым. Малик ибн Әнәстің үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның намаз оқып жатқанын байқап қалдым. «Фатиханы» оқып болған соң, «Тәкәсүр» сүресін оқи бастады. «Сол күні берілген ырыс-береке мен несібелерден сөзсіз сұраласыңдар» аятына жеткен кезде кемсеңдеп, жылай бастады. Әлгі аятты қайта-қайта қайталап жылай берді. Мен баратын жеріме де бармай, көз алмай тыңдап қалдым. Осылайша ол таң намазына дейін жылады. Шапақ атқанда ғана, рүкүғке барып, намазын бітірді. Мен де үйге барып, дәрет алып, таң намазын оқу үшін мешітке бардым.
Кейіннен күн шығып, айнала жарыққа толып, оның айналасына ілім алқасы жиналды. Мен жақындап барып жүзіне қарағанымда, жүзінен нұр шашып тұрды. Тіпті қарасаң көз тоймайды. Қараған сайын жүрегіңе жылы дарығынан анық сезесің. Сол кезде мен «Түнгі намазы көп болғанның күндіз жүзі – жарық, нұрлы болады» деген хадисті есіме алдым».
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаһаннам халқы жылаумен азапталады. Олар көз жастары таусылғанға дейін жылайды. Одан кейін көздерінен аққан жастың орнына қан аға бастайды. Соңында беттеріне ойық пайда болады. Көз жастарының аққаны сонша кемелер қонса жүзер еді»,– дейді.
Иә, бұл ғұмырда жыламағандар ақыретте жылайды. Бұл өмірде көп жылағандар мақшарда қуанышқа бөленеді. Алла екі қорқынышты бірдей бермейді. Түнгі намаз демекші бір кездері шет елде оқып жүргенімде жатаққанада менен бір-екі жас бір бала болатын. Өзі өте тақуа еді. Түнгі намазды үзген емес. Бір күні түнде жатақхананың бос жерінде түнгі намаз оқып жатты. Дауысынан оянып кеттім. Қолын жайып жылап дұға етіп жатты. Мен көп мән бергем жоқ алаңсыз қайта ұйқыға кеттім. Бір қарасам көзім ілініп кетіпті. Бірақ түс пен өңнің арасы. Қарасам әлгі досым қолын жайып көкке қарап дұға етііп отыр. Жоғарыға қарасам жатақхананың төбесі жоқ, ашылған түңліктей ашық. Жатақхананың төбесі бұрын соңды болмаған секілді айқара ашық. "Түсінбедім, жаңа ғана бар еді ғой" деп қоям. Жатақхана қабырғаларынан жүзімдер қаулап өскен тәрізді. Жапырақтарының сыбдыры естілгендей. Әлдебір жақтан майда самал ескендей ме қайдам? Айнала баққа айналғандай ғажап күйге бөленген. Аспанға қарасам көк жүзі шайдай ашық, жаңа туған ай сүттей жап-жарық болып жарығын түсіріп тұр. Таң қала ұзақ қарадым. Бір кезде оянып кетіп көзімді ашсам әлгі досым әлі сол күйі жылап дұға жасап отыр екен.
Түнгі намаздың уақыты Аллаға жақындауға және дұғалардың қабыл болуына лайық уақыт.