Тудың сыры (ғибрат әңгіме)
Тудың сыры (ғибрат әңгіме)
11 жыл бұрын 10947
Зәкәрия Тілеуқабыл

Бұл өмірде жасалған ешбір жақсылық та, жамандақта ешқашан жерде қалмақ емес. «Жақсылық жаса да суға ат; балық көрмесе халық көреді, халық көрмесе де халиқ, яғни жаратушы көреді» - деген даналық сөз бекерге айтылмаса керек. Тағдырдың бұл сырын дәйектейтін оқиғалар санасы ояу жандарға күнделікті өмірде жетерлік-ақ. Төмендегі мына бір оқиға бізге сол мағынаны айшықтамақ. 1957 жылы Ыстанбұл медицина факультетін бітіріп, тәжірибесін нығайтуға АҚШ-қа барған Омар Мұслуоглы басынан өткен мына бір жағдайға куәгер болғандығын былайша әңгімелейді:

Америкаға барған алғашқы жылдарымда (1957) Ағылшыншаға онша жетік емес едім. Нью-Йорктағы бір ауруханаға қызметкер болдым. Міндетім тек қана сырқаттардан қан алу, қан беру, электрокардиография тарту сияқты істер... Мұнда сырқаттарға көңіл бөлінетіні соншама, жаңа докторлар келе салысымен ауруларды қарай алмайды, емдемейді. Басқа уақыттарда лабароторияда болатынмын. Бірде бір сырқат адамға бардым. Жасы қартаң, жетпіс бестер шамасында еді. Ағылшынша сөйлестім.

- Сізге қан жалғаймын, қолыңызды ашасыз ба? Өйткені ол рак ауруына шалдыққан, оның үстіне қаны да аз еді. Білегін аштым, қарасам білегінде салынған Түріктің туы бар еді. Таңқалдым және сұрамауға дәтім шыдамады: Сіз түріксіз бе?  Қастарын жоғары жиыра: «Жоқ», - деп ишара қылды. Бірақ мен әлі білгім келіп тұрғандықтан:

- Олай болса қолыңыздағы түрік туы не? – дедім. Ол болса:

-«Көңіл бөлмей-ақ қой, жай әншейін нәрсе» - деді. Мен болсам әлі қайтпастан:

- «Бірақ мен үшін бұл ту өте маңызды. Өйткені ол менің елімнің туы, ұлтымның туы» дедім. Сонда ғана ол көзін ашты да маған тесіле қарады. Содан соң жайлап қана:

- «Сіз түріксіз бе?»

Мен:

- «Иә, түрікпін».

Қария ескіден таныс бір әлпет іздегендей көзіме ұзақ қарап, әңгімесін бастады. 1915-ші жыл. Сен ол кезді есіңе түсіре алмассың. Чанакқала деген бір жер бар Түркияда. Соғысу үшін бүкіл христиан мемлекеттерінен әскер жинап жатқан кез. Мен Анзақ едім, Австралия Анзақтарынан. Ағылшындар бізді жиып алып: «Барбар түріктер христиан дүниясын құртып, жоқ етпекші. Бүтін дүниежүзі сол барбарларға қарсы майдан ашуда. Бәріміз бір болып, оларға қарсы шығамыз. Білсеңдер бұл соғыс өте маңызды» - деген соң біз де иландық олардың сөздеріне және уәделеріне. Қолымызға қару алып, әскерлер қатарына қосылдық. Ақылымызды айналдырған ағылшындар бізді кемелерге толтырып, Мысырға алып келді. Бұнда бірнеше ай мылтық ату, қару жарақ қолдану сияқты әскери тәлім алған соң бізді түріктерге қарсы соғысу үшін Мысырдан Чанакқалаға кемелермен алып келді. Соғыстың жойқын қорқынышын мен алғаш сол жерде көрдім. Атылған зеңбірек оқтары зуылдап келіп айналамызға түскенде теңіз суын метірлер бойы көкке шапшытып жатты. Әрбір шабуылда түріктерден де, бізден де жүздеген адамдар өлім құшып жатты. Біздер түріктердің жан төзгісіз қаһармандығын ұзақтан көрген сайын аңтарылдық. Негізінде қару-жарақ жағынан да, әскер санынан да түріктерден басым болатынбыз. Жағдай осылай бола тұра олар бұл күш-қайратты, бұл батылдықты қайдан алды? Бізді таңырқатқан осы еді. Бірақ алғашында ағылшындардың айтқаны сияқты, түріктердің бұл тойтарысын олардың барбарлықтарынан деп ойладық. Сөйтсек жаңылысыппыз, олардың бұл әрекеті барбарлықтан емес, жүректеріндегі иман мен отанға деген сүйіспеншілігінен екен. Оны мен қалай түсінгенімді айтайын.

Жағаға шықтық. Атакаға шығамыз, бірақ бізді кейін ысырып тастайды. Қайта шығамыз, қайта ысырыламыз. Сондай бір шабуыл кезінде басыма тиген бір ауыр жарықша соққысынан құлаппын. Есімді жиғанда өзімді бөтен адамдардың арасында, яғни қолды болғанымды көрдім. Сондағы қалай қорыққанымды тілмен жеткізе алмаймын. Өйткені  түріктердің қандай барбар екендігін ағылшындар біздің құлағымызға құйған еді ғой. Бірақ байқаймын жараларым таңулы. Демек олар мені емдеген екен. Күткенімдей ешкім маған ашулы қарамады. Өз-өзіме келе бастадым. Бұл жолы олар маған сөмкелерінен азық алып жақсылап жегізді. Қараймын, азықтары олардың өздеріне жетпестей аз еді. Сонда да біз «барбар» санаған әлгі түріктер аузынан жырып, азықтарын дұшпанына беруде еді. Дұрысы мен бұлардың бұл жанкештілігіне таңғалдым. Қандай адамгершілік. Қандай мейрімділік. Мен өз-өзіме іштей: «Бұл адамдар қаласа мені қазір өлтіре салады. Не болмаса бұған дейін де баяғыда өлтірген болар еді. Бірақ өлтірмейді. Шептің артына қарай алып келді. Оның үстіне біздей тұтқындарға құтты қонағындай қарайды. Менің неге осындай асыл жандармен соғысуым керек. Бұнда қалай соғысуға келдім. Мына ағылшындар неткен өтірікші адамдар, түріктердің осыншама неткен дұшпаны еді», – деп қатты өкіндім. Бірақ құр өкініштен не пайда?! Бұл ізгілікке не істесем? Қарымын қалай қайтарсам?! Ұзақ уақыт соны ойлаумен жүрдім. Ақыры бізді босатты. Отаныма оралдым. Түріктердің ол адамдығын, мәрттігін өмірі ұмытпау үшін, осы түрік туын білегіме өшпестей қылып салдырдым. Міне балам, бұл тудың сыры осында», – деп толғана қария әңгімесін аяқтады.

Көздерім еріксіз жасқа тола қарияға қарап мен тұрмын. Терең ойға шомған қария бір сәт үнсіздіктен соң терең күрсініп, әңгімесін жалғастырды: «Жазмыштың мына сырлы сызығына қарашы, сол заманда өлім  аузынан арашалап, жараларымды таңған, сауығуыма қайрат көрсеткен түріктер еді. Қазірде Америка сияқты алыс бір жерде мыңдаған адамдар ішінен, дертіме дәрмен болуға тырысқан да бір түрік. Ғажайып емес пе? Австралиядан Америкаға келіп, бір түрікпен жолығам деген кімнің ойына кіріп шыққан?! Сіздерге қарыздармын. Сіз түріктер (мұсылмандар) шынымен мархабатты адамсыздар. Бізді алдады, әрдайым алдандық. Бұған жан дүниеммен сенемін» – деген соң менен: «Айтасыз ба, атыңыз кім?» - деп сұрады. Мен:

- Омар - дегенімде, сондай ынтызарлықпен қайтадан сұрады:

- Сонда, не үшін атыңды Омар деп қойған?

- Әкем мұсылмандардың екінші халифасы болған хз. Омардан (р.а.) әсер ала отырып қойыпты.

- Демек сенің атың мұсылман аты ма?

- Иә, мұсылман аты - дегенімде жүзіме ойлана қарап жатты да бірден белін түзегісі келді. Мен қарсы болуға тырыстым. Бірақ ол болмады. Неге көнбеді түсінбедім. Ақыры қария болмаған соң басын көтеріп отыруға жәрдем еттім. Көздері жасқа толы еді. Маған қарап: «Сенің атың әдемі екен. Менің атым осы күнге дейін Мер Жосеп Миллер еді. Қазірден  бастап Анзақтық Омар болсын. Енді доктор, мені мұсылман қыла аласың ба? Мұсылман болу қиын ба?!» деді. Таң қалдым. Қалайша діннен хабарсыз бұндай адам бірден мұсылман болғысы келеді. Сөйтсем айтуына қарағанда осы жасқа келгенге дейін тек қана іштей ойланып жүреді екен. Бірақ қаншама жылдар өткенімен сәті бір түспесе керек. Шынымен де ғажап. Өмірінің соңғы сәттерінде осындай бір мұсылманмен жолығуы.

- «Әлбетте» деймін мен: «Мұсылман болу оншама қиын шаруа емес".

Сөйтіп оған ретімен иманның, исламның шарттарын түсіндірдім. Сонда ол кісі һәм тілін кәлимаға келтіріп жатса, һәм әрі өксіп-өксіп жылауда еді. Кәрілі бір жағынан, ауру бір жағынан, бір де жылдар бойы қасіретін тартқан ішкі ізденісіне қол жеткізудің зор қуанышы еріксіз буырқанған сезімін оятып, ағыл тегіл көз жасына ерік берген болатын. Сәл қайратын жиып, кеште болса енді бірдеңе істеу керек дегендей маған бұрылып:

- Сіз мұсылмандар тәспі тартасыздар ғой. Маған да Алланы еске алып таспі тартуға болады ма? - деді. Бұдан мен бұрынғы аталарымыздың соғыс уақытында да қолдарынан таспиғын тастамағанын түсіндім.

- Иә, - деп барып, бір таспиқ тауып әкеліп бердім. Ол кісі бұдан былай төсегінде үнемі таспі тартып жатты. Ал біз ол кісінің емделуін жалғастыра бердік. Менің көзқарасымда ол кісі мұсылман болған соң мүлдем өзгерді. Бірде жанына барғанымда ол кісі маған былай деді:

- Мені жалғыз қалдырма, жарайды ма? Ара тұра келіп маған исламды түсіндір. Сен жақсы нәрселер айтасың. Сені тыңдаған сайын жүрегім шаттанады, - деді. Мен де қолым сәл босай қалса сол кісіге барып, білгенімше Алланы, пайғамбарымызды, жалпы дініміз жайлы әңгімелеймін. Ол кісі құтты шөлдеген адамның суды ынтызарлықпен жұтқанындай, әрбір айтылған нәрсеге терең мән бере тыңдайтын болды. Бірақ асқынған ауру алмай қояды ма?! Күннен күнге халі нашарлап, мүжіліп бара жатқандығы белгілі еді. Содан қанша күн өтті есімде жоқ, бір күні басқа бөлмеде едім: «Доктор Омар, 217-ші нөмерге тез барыңыз» деген хабар келді. Демек, Омар аға ақтық демде деген оймен шұғыл бардым. Оң қолында тәспісі, аузында зікірі, жүрегінде иманы үлкен Омар расында соңғы демі үстінде еді. Мен дереу басына отырып, ең соңғы кәлима шаһадатты қайталаттырдым. Солайша иманға тіл келтірумен құшағымда жан тапсырды. Мұсылмандарға деген сүйіспеншілігімен иман нәсіп болған бір адамды өз көзіммен көрдім, иманына куә болдым. Неге жалған сөйлейін, өз өзімді ұстай алмадым, жыладым.

3 пікір
  • Алламның нығметі неткен шексіз еді, осылай керемет етіп адамдарды бір-біріне себепші еткен!!! АЛЛА РАЗЫ БОЛСЫН сіздерге WWW.ISLAM.KZ!!!
    11 жыл бұрын
  • Шынайы оқиғалар жүректі шымырлатады...
    11 жыл бұрын
  • Осындай көркем мінезге үлгі болған пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) Алланың игілігі мен сәлемі және Оны көркем етіп тәрбиелеген ұлы ұстаз, Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын!
    11 жыл бұрын