Таңдаған қызы ұсқынсыз болып шыққан жігіттің оқиғасы
Таңдаған қызы ұсқынсыз болып шыққан жігіттің оқиғасы
3 жыл бұрын 17926

Бір жігіт Араб әмірліктеріне жұмыс істеуге кетіпті. Сөйтіп төрт жыл қалыпты. Төрт жыл ішінде қомақты ақша жинап алған ол үйленуді ойлапты. Әкесі діндар кісі екен. Жігіт жинаған ақшасын әкесіне жібергеннен кейін, үйленсем деген ойын білдіреді. Жұмыс-жұмыс деп отызға келгенін де білмей қалғанын, енді үйленіп, шаңырақ көтермесе болмайтындығын айтыпты. Әкесі де қолдау білдіріп, ұлына өзі қалыңдық тауып беретіндігін айтады. Жігіт те келіседі. Әкесінің талғамына сенім артқан жігіт «әкем кімді ал десе, соны аламын» деп өзіне сөз береді.

Содан әкесі ұлына қалыңдық іздеуге кіріседі. Әкесі болашақ келінінің діндар болғанын қалайды. Өйткені, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «үйлену үшін төрт себеп қарастырылатындығын, олар: байлық, сұлулық, тектілік және діндарлық. Соның ішінде «діндарын таңдаған абзал» деген сөзін ол жақсы білетін. Сонымен, түрі қандай болса да діндар қызды таңдауға тоқтап, ұлы үшін өзі танитын бір отбасының «діндар» бір қызын айттырады. Болашақ қалыңдықтың түр-әлпеті сүйсінерлік емес еді. Дегенмен, діндарлығына қызыққан жігіттің әкесі ұлына сол қызды лайық көріпті.

Жігіт шетелдегі жұмысын аяқтап, елге оралады. Оралысымен үйлену тақырыбы қозғалып, әкесі оған қалыңдық таңдап қойғанын, тіпті айттырып та үлгергенін білдіреді. Сөйтіп жігіт ол қалыңдықты үйіне әкеледі. Үйіне әкеліп, бетін ашады. Сөйтсе қыздың түр-әлпеті жігіттің ойлағаныдай болмай шығады. Тіпті ұсқынсыз көреді. Іштей кейіп: «Әкемнің маған лайық көрген қалыңдығы осы ма еді?» деп іштей ренжиді. Көңіл-күйі түседі. «Сонша жыл жүргенде, алайын деп отырған жарым осы ма?» деп өз-өзін жегідей жейді. Алайда, амал жоқ, әкесіне берген уәдесі бар. Сол уәдесінде тұруы тиіс. Әкесінің сөзін жерге тастағысы келмеді.

Сонымен, ата-ана батасын алып, неке қиылып, екеуі ерлі-зайыпты болады. Алайда жігіт құлықсыз. Бірінші күні-ақ теріс қарап жатып алады. Қыздың түрі көріксіздеу болса да, ақылы айналадағы ешбір қыздан кем түспейтін. Содан қыз жігітінің оған деген құлықсыз екенін ұғынып, онымен үйленудегі негізгі мақсатын түсіндірмекші болады. Сөйтіп теріс қарап ұйықтап жатқан күйеуін түртіп оятпақшы болады. Алайда күйеуі оянбай қатты ұйықтап жатады. Қыз былай қозғаса да, олай қозғаса да жігіт тұратын емес. Болмағаннан кейін, бетіне су бүркиді. Жігіт оянады. Қыз оны оятып, әңгімелескісі келетінін, құлақ түріп тыңдауын өтінеді. Жігіт ыңғайлап отырып тыңдайды.

- Білемін, көңіл-күйің жоқ. Білемін, көріксізбін. Бірақ, білесің бе, менің негізгі үйленудегім мақсатым Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір сөзін іс жүзінде жүзеге асыру еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Түнгі құлшылық үшін өзі ұйқысынан оянып, және де жарын да оятқан, оянбаса бетіне су бүркіп оятқан кісіні Алла рахымына бөлесін. Алланың мейірімі ол екеуіне жаусын!» деген екен. Мен осы хадиске іс жүзінде амал еткім келуші еді. Күйеуім болса, күйеуімді түнгі намазға оятсам, егер ұйқысын қимай оянбай жатса, бетіне су бүркіп оятсам, деп армандаушы едім. Аллаға ант етейін, осы мүмкіншілікті маған сыйлағаның үшін саған қарыздармын. Өйткені, көріксіз болғаным үшін осы хадисте айтылған көріністі көрмей кететін шығармын деп ойлаушы едім. Сенен өтінерім, аталмыш хадисті толығымен жүзеге асыру үшін қазір төсектен тұрып, дәрет алып келіп менімен бірге намаз оқисыз ба? Сіз имам болыңыз. Мен сізге ұйыйын. Екеуміз бірге тәһәжжудты оқилық» - дейді қыз.

Жігіт жаңа үйленген жарының өтінішін кері қайтармай, төсегінен тұрып, дәрет алып келіп, имамдыққа шығады. Әйелі оған ұйыды. Екеуі тәһәжжудты қосылып оқиды. Тәһәжжудты оқып аяқтағаннан кейін, жігіт айтады:

«Уаллаһи, Құдайға ант етейін! Тәһәжжуд намазын аяқтағаннан соң, артымда маған ілесіп екі жаққа сәлем беріп, намазын аяқтап жатқан әйеліме қарағанымда, одан сұлу әйел жоқ сияқты көрінді, оған деген бейнебір махаббат туындады. Жүрегім қатты соғып, құдды әлемде теңдесі жоқ ару отырғандай көрінді маған» - дейді жігіт.

Демек, достар, нағыз махаббат сұлулықта емес екен. Нағыз махаббат – құдайдың жүрекке салған махаббаты екен. Егер Құдай жүрекке махаббат салса, ең ұсқынсыз деген қыздың өзі сен үшін әлемдегі ең сұлу қыздай көрінеді екен. Қазіргі таңда бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған ерлі-зайыптылар балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Арасында Құран жаттаған қарилар, шариғат ілімін терең оқыған ғалымдар бар. Сол үшін ерлі-зайыптылар құдайға жақын болулары тиіс. Бірін-бірі оятып, түнде тұрып бірге намаз оқығандары жөн. Күйеуіңізге ұйып намаз оқыңыз. Сонда Алла Тағала сіздердің жүректеріңізге махаббат салып қояды.

Абдусамат Қасым

Түрік тілді интернет ресурстарынан алынды.

0 пікір