Сұраққа жауап бере алмаған Имам Шафиғи
Сұраққа жауап бере алмаған Имам Шафиғи
6 жыл бұрын 4479 kazislam.kz
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы

Бұрында бір ғалым әйгілі Имам Шафиғиға келіп былай деп сұрақ қояды:

— Алланың дінінде негізгі дәлел қайсысы?

Имам:

— Қасиетті Құран Кәрім.

Ғалым:

— Сосын қайсы?

Имам:

— Пайғамбар (с.а.у.) сүннеті.

Ғалым:

— Сосын қайсы?

Имам:

— Үмметтің бірауыздан келісімі (қандай да бір діни мәселеде ортақ шешімі).

Ғалым:

— Мұны қайдан алдың? — деп сұрайды. Сонда Имам үнсіз қалады. Ғалым:

—  Саған үш күн уақыт беремін. Содан кейін тағы алдыңа келемін, — деп тұрып кетіп қалады. Сол күннен бастап Имам үйіне барып барлық кітаптарды ақтарып, іздене бастайды. Үш күн өтіп әлгі ғалым Шафиғиға келіп алғашқы сұрағын қайталайды. Имам оған:

— Мен Құранды күніне үш рет оқып, қайталап шықтым. Алла маған тура жол көрсетіп, ақыры сіздің сұрағыңызға жауап таптым. Мына: «Кімде-кім өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да тозаққа саламыз», — аятындағы «мүміндердің жолына» деген, яғни, кімде-кім осы жолға ешбір себепсіз, дәлелсіз қарсы шығатын болса ол адасқан болып саналады. Демек, бұл — үмметтің бір ауыздан келіскен жолы, — деп жауап беріпті.

Әлгі ғалым басын изеп, Имамның нақты жауабына қанағаттанған екен.  

 

0 пікір