Шын мұқтаждың жағдайы не болмақ?
Шын мұқтаждың жағдайы не болмақ?
7 жыл бұрын 3388

Нәбік деген бір кедейдің тұлпары болады. Бір бай "осы атыңды маған сат" деп қанша дүние, мал ұсынса да Нәбік атты сатпайтынын айтады. Атты ақшаға сатып ала алмасын білген бай айлаға көшеді. Айласы Нәбік жолаушылап келе жатқанда, оның жолына қайыршы киімін киіп алып отырады. Оның қасына жеткен Нәбік «қайыршыдан» жөн сұрайды. «Қайыршы» қырдың астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтады. Ойында ештеңе жоқ кедей: "Маған мінгесіңіз, апарып тастайын" дегенде, бай: «Шырағым, аттан түсіп мені мінгізіп жібермесең, міне алмаймын» - дейді. Нәбік атынан түсе салып, байды атқа сүйемелдеп мінгізгенде, арам бай атқа қамшыны басады ғой, келіп. Істің мән-жайын енді ғана аңдаған Нәбік:

- Байеке, тоқтаңыз айтатұғын бір сөзім бар, - депті. Бай "бұл пақыр не дер екен" деп, атын іркіп: 

- Ал бейбақ, не дейсің, айт айтарыңды, - депті.

- Осы жағдайды ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Бар өтінішім осы, - депті кедей.

Бай сонда:

- Мен бұл жағдайды айтқанда түсіп қалар дейтұғын беделің жоқ, несіне айтпа деп оған ерекше қам жей қалдың, сорлы? -  дегенде, Нәбік:

- Мәселе онда емес, менің қорқып тұрғаным, бұл оқиға елге тарап кетсе, осы жаман сөздің әсерінен аты барлар жолда кездескен шын мұқтаждарды қояды ғой. Менің ойлап отырғаным сол ғана, сол үшін де бұны ешкімге айтпағаныңызды сұрап тұрмын, - депті.

Кедейдің сөзінен қатты ұялған, оның парасатына риза болған бай аттан түсіп, атты егесіне қайтарып берген екен.

0 пікір