Шайтан екі рет батпаққа құлатқан адам (ғибрат-хикая)
Шайтан екі рет батпаққа құлатқан адам (ғибрат-хикая)
5 жыл бұрын 5035 osken-onir.kz/

Таң намазын үнемі мешітте оқитын бір мұсылман әдеттегідей ұйқысынан оянып, дәретін алып, әдемі киімін киіп, мешітке шығыпты. Бірақ жолда сүрініп құлап, киімін былғап алады. Ол киіміндегі лайды қағып, үйіне оралады да, қайта дәрет алып, киімін ауыстырып, қайтадан мешітке бағыт алыпты.

Бірақ дәл баяғы жерге келгенде тағы да құлап қалады. Онда да алған бетінен қайтпай, үйіне барып киімін ауыстырып, қайта мешітке жол тартады.

Мешітке бара жатқан жолда ол шам ұстаған бір кісіні кездестіреді. Ол кісіден неге жүргенін сұрағанда, ол:

- Мен сенің жолда қалайша екі рет құлап қалғаныңды көрдім. Сондықтан жолыңды жарық етейін деп шам алып келдім, - деп жауап беріпті.

Адам оған рақметін айтып, екеуі мешітке бет алыпты. Мешітке жетіп, азан шақырылған тұста, өзіне жақсылық жасаған кісіні де бірге намаз оқуға шақырады. Бірақ әлгі кісі келіспейді. Адам оны қанша шақырса да, ол кісі айтқанынан қайтпай тұрып алады. Сонда одан: «Неге намаз оқығың келмейді?» - деп сұрағанда, әлгі адам:

- Мен - Шайтанмын, - деп жауап берген екен. Адам қатты таңғалады да:

- Онда неге маған көмектестің? - деп сұрайды.

- Сені екі ретінде де сүріндірген мен едім. Бірінші рет сүрініп, үйіңе дәрет алып, тазаланып қайтқаныңда, Алла сенің барлық күнәларыңды кешірді. Сонда мен сені тағы да сүріндірдім. Бірақ бұл да сені тоқтата алған жоқ. Және сен тағы да мешітке бағыт алдың. Сол кезде Алла сенің отбасыңның бар күнәсін кешірді. Егер сен тағы бір рет құлап қалсаң, Алла сенің бүкіл ауылыңның күнәсін кешіріп жібере ме деп қорықтым. Сондықтанда сені мешітке аман-есен жетіп алуыңды қадағаладым, - деп жауап беріпті Шайтан.

0 пікір