Сендер туралы аят түсті
Сендер туралы аят түсті
9 жыл бұрын 4761

Әбу Хұрайра (р.а.) Дәустан келіп, мұсылман болады. Ол Алла елшісінің жанынан бір елі ажырамаған. Күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасайтын. Көбіне ашқұрсақ жүретін. Кейде аштықтан бұратылып, тұруға дәрмені жетпей талықсып, жерде жантайып жатып қалатын кездері де болатын. Өзі секілді осындай күйге душар болған бір адам жайлы Әбу Хұрайра былай дейді: «Әлгі кісі: Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына келіп, қаншама күннен бері нәр татпағанын айтып, мұңын шағады. Бұған куә болған Алла расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүт аналарының бірі деп танылған Уммі Суләймнің екінші күйеуі, жанындай жақсы көретін құрма бақшасын Алла жолында бағыштаған Әбу Талха оны үйіне шақырып, қонақ қылады, дегенмен Әбу Талханың да үйінде жүрек жалғайтын ештеңе жоқ еді. Осыны білген Әбу Талха жары Уммі Суләймға: «Балаларды ертерек ұйықтат. Сосын барыңды дастарханға қой. Қонақ келгенде, шамды байқаусызда өшіріп тастаған бол. Қараңғыда кімнің не жеп, не ішкені белгілі бола қоймас. Мен қасында қосыла ішіп-жегендей кейіп танытып отырамын. Қонағымыз еркін тамақтансын», – дейді.

Олар әлгі қонақтарын осылай күтеді. Қонақ болса, қанша күнгі аштығын басып, жүрек жалғайды. Таң намазында екеуі де мешіттегі жамағат қатарында намаз оқиды. Намаздан кейін Алла елшісі артына бұрылып, күлімсіреп: «Бұл түні не істедіңдер? Сендер туралы мына аят түсті» деп: 

وَالَّذِينَ تَبَوَّءُوا الدَّارَ وَاْلإِيمَانَ مِنْ قَبْلِهِمْ يُحِبُّونَ مَنْ هَاجَرَ إِلَيْهِمْ وَلاَ يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنْفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَنْ يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Олар өздеріне һижрет етіп келгендерді жақсы көріп, оларға берген нәрселерінде көңілдерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ өздері таршылық көріп отырса да, оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім өзін сараңдықтан сақтаса, солар нағыз табысқа жеткен-дер!»[1] деген аятты оқиды.


[1] «Хашыр» сүресі, 59/9.

1 пікір