Құранды қалай оқу керек?
Құранды қалай оқу керек?
7 жыл бұрын 6003 mahalla1.ru/
Құдайберді БАҒАШАР

Кішкене бір бала Құранды бастан-аяқ жаттап, хафыздығын тәмамдаған еді. Таңға дейін Құранды қайталап, намаз оқығандықтан, ертесі ұстазының алдына өңі бозарып барады. Ұстазы нағыз тәлімгер жан еді. Шәкіртінің өңі солғын тартып тұрғанын байқап, басқа шәкірттерінен бұның мәнісін сұрайды. Олар: «Ұстаз, ол таңға дейін көз ілмей Құранды қайталайды, ертесінде сол күйінде сабаққа келеді», деп жауап береді. Ұстазы әлгі шәкіртін қасына шақырып: «Құран о баста қалай түссе, солай оқылуы керек. Бүгіннен бастап сен Құранды қазірге дейін оқып келгеніңдей емес, оны оқығанда қасыңда мен тұрғандай сезін, ұстазыңа сабақ айтып жатқандай бол», – дейді. 

Бала сол түні бас алмай Құран Кәрімді оқып, ертесі ұстазына келіп: «Ұстаз, бүгінгі түні Құранды тек жартысына дейін ғана оқи алдым», – дейді. Ұстазы: «Енді сен оны Пайғамбарымыздың қасында тұрғандай оқы», – дейді. Сол түні шәкірті өз-өзіне: «Мен Құран түскен адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың қасындамын, дұрыс оқуым керек» деп аса зейін қойып оқиды. Ертесі ұстазына барып бұл жолы Құранның төрттен бірін ғана оқи алғанын айтады. Ұстазы: «Сен енді Құранды Жәбірейіл періште пайғамбарымызға жеткізіп тұрғанда оқығандай оқы», – деп тапсырады. Шәкірті ертесі таңертең келіп, сол түні бір сүре оқуға ғана шамасы жеткенін айтады. Бұл жолы ұстазы: «Сен енді Құранды Аллаһ тағаланың алдында тұрып оқығандай оқы», деп тапсырады. Шәкірті ертесі жылап келген күйі: «Ұстаз, «әлхамдулиллахи раббил аламин» дедім. «Мәлики яумиддинге» дейін келдім. Бірақ «ииәкә на- буду» дегенге тілім бармады. Өйткені, мұның мағынасы Саған ғана құлшылық жасаймын дегенге саяды. Алайда, байқасам менің құлдық ұрып кеткен нәрсем көп екен. Сол себепті Жаратушыға тек Саған ғана құлшылық жасаймын деуге «ииәкә набуду» дегеннен аса алмадым», дейді...

0 пікір