Қазақ фольклорында «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген сөз бар. Бұл сөзді қазақтың биі Аяз би Жаманұлымен байланыстырылып жатады.
Әйтсе де, тарихта «Аяз құл» деген де тұлға болған екен. Өзі баста құл болып, кейін сұлтанның бас қазынашысы қызметіне дейін көтерілген-мыс. Содан «Құл Аяз, негізіңді ұмытпа!» деген сөз қалыпты. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Аяз би де баста кедей "жаман" бір қойшы болып жүріп, өзінің даналығының арқасында хан болу мәртебесіне дейін көтеріледі. Сонда Аяз би бұрынғы жыртық бөркі мен жаман шапанын хан шатырының есігіне іліп қойған екен. Ондағысы бұрынғы бастапқы жағдайымды ұмытпайын дегендік. Егер пенделігін ұмытып, байлықтың буы кері әсер ете бастағанда, әлгі жыртық киіміне қарайды екен де өз-өзіне: "Ей, Аяз! Баймын деп аспа, ханмын деп таспа!" деп, өз-өзін сабасына түсіріп отырады екен. Демек, екі хикаяның ұқсастығына қарай отырып, бүгінгі бөлісіп отырған хикаяның да кейіпкері қазақ халқында аты мәшһур Аяз бидің дәл өзі, бірақ хикаяның басқа бір нұсқасы деуге болады.
Ол жайында ХІІІ (13) ғасырда өмір кешкен ойшыл, сопы Жәләлуддин Румидің «Мәснәуи» атты жинағында кездеседі екен. Ол хикаяның аты - «Құл Аяз, негізінді ұмытпа». Хикая былай өрбиді.
Баяғы заманда Аяз атты бір құл болыпты. Тағдырдың жазғаны болар, құл күндердің бірінде Газневидтердің патшасы Сұлтан Махмұдтың иелігіне өтіпті. Аяз құл болса да асыл мінезді, адал жан екен. Сұлтанға Аяздың осы жөні ұнапты.
Уақыт өте келе сұлтан Аязды «бас қазынашы» қызметіне тағайындайды. Сөйтіп, иелігіндегі неше түрлі асыл тастар, жақұт, алтындарды оның қарауына табыстайды. Осылайша кешегі құл, енді қазынаны басқаратын «қазына басшысы» болып шыға келіпті.
Аяздың бұлай дамуын сарайдағы кейбір лауазым иелері ұната қоймапты. Қызғаныштары мен тәкәппарлықтары - кешегі құлдың мұндай қызметке тағайындалуын және деңгейінің бұлардың деңгейлерімен теңдей болуын көтере алмапты. Соның салдарынан, олар сұлтанның құзырында болған кездерінде, Аязды жамандап қалуға мүмкіндік іздеп тұратын болыпты. Осылайша, адал құлдың абыройын түсіру үшін қолдарынан келгенін аянбапты.
Бір күні сарайдағы ақсүйектердің бірі екіншісіне:
- Құл Аяз қазынаға жиі барғыштап кетті. Оның асыл тастарды жымқырып жүргеніне сенімдімін, - дейді. Содан өсек жайылып, бұл кәуесет сөз сұлтан Махмұдтың құлағына жетеді. Сұлтан естіген сөзге сенер-сенбесін білмей, ақырында «ұрлайтынын өз көзіммен көруім керек» деген тоқтамға келіпті.
Сонымен сұлтан қазына сақтаулы бөлменің қабырғасын кішкене тескізіп, сол тесіктен бақылауға көшіпті. Тесіктен қарап отырса, Аяз келіп, дыбысын шығармай ішке кіреді де, есікті іштен жауып, асыл тастар салынған сандыққа барады. Сандықтың ішінен бір түйіншекті алады. Түйіншекті сүйіп, маңдайына тигізеді де, ашады. Ішінде құл кезінде киген жыртық-жыртық көйлегі сақтаулы екен. Жыртық көйлегін алып айнаның алдына тұрыпты да өз-өзіне:
- Ей, Аяз! Құл болғаныңды ұмытпа! Бұрын мына көйлекті киген кезде сен кім едің? Есіңде ме? - деп, өз-өзінен сұрапты. - Сен ешкім емес едің. Кім көрінген сатып жіберетін құл едің. Бірақ Алла Тағала сұлтанның қолымен өзінің мейірім-шуағынан саған нығметін төкті. Сондықтан, қайдан келгеніңді ұмытпа! Өйткені мал-дүние адамның есін кетіреді, бұрынғысын ұмыттырады. Сондықтан да, енді сен өзіңнен кедей, өзіңнен төмен адамдарға мұрныңды шүйіріп, тәкәппарланып қарамау керексің. Осыны ешқашан ұмытпа, Аяз! Ұмытпа!» - депті де, түйіншекті қайта жауып, сандыққа салып, құлыптап қойыпты. Кейін тыныш қана есікке қарай адымдапты. Қазына бөлмесінен шығар-шықпас сұлтан алдынан шығады. Сұлтан Аяздың көзіне тіке қарап тұрып, екі бетін көзінен аққан жасы жуып, тілі күрмелген күйі:
- Бүгінге дейін асыл тастарымның қазына басшысы едің. Енді бүгіннен бастап жүрегімнің қазына басшысысың. Өйткені, сен маған Сұлтанымның (Алланың) құзырында қалай өз-өзімді ұстауым керек екендігін үйреттің, өзімнің «ешкім» емес екенімді есте сақтап жүруім керек екендігін үйреттің» - деген екен, алғысын білдіріп.
Қазақта «Құдайын ұмытты» деген сөз бар. Бұл сөз кісінің пенде екендігін ұмытып, асқақтап кеткенде айтылатын сөз. Сондықтан да, бұл хикая әлсіз бір пенде екендігімізді және қайдан шыққандығымызды ұмытпауға шақырады. Құдайға құл екенімізді есте сақтап жүруімізді үйретеді.
Қазақшалаған А. Қасым