Құдыққа құлаған есек (ғибрат)
Құдыққа құлаған есек (ғибрат)
2 жыл бұрын 4957

Бір күні есек келе жатып, құдыққа түсіп кетеді. Құдықтан шыға алмай, жәрдемге шақырып қатты ақыра бастайды. Есегінің жан даусын естіген егесі жүгіріп келсе, есегі құдықта жатыр екен.

- Ойбуй, енді қайттым! Енді оны қалай шығардым! - деп сан соққан ол, былай ойлап, олай ойлап, ешқандай амалын таба алмайды. Соңында егесі ойлана келе:

- «Есегім қартайды. Ерте ме, кеш пе, бәрібір өледі. Онсыз да, жастау есек сатып алсам ба, деп жүргенмін. Құдық та тартылып, жарамайды. Көміп тастап, басқа жерден қазуды ойлап жүргеніме біраз болды. Олай болса, құдықты есекпен қоса көміп тастап, неге бір оқпен екі қоян атып алмасқа!» - деген байлам жасайды.

Сөйтіп ол көршілерін шақырып, бәрі жабыла құдыққа топырақ лақтыра бастайды. Істің мәнін ұққан есек, бұрыннан да зар қағып ақыра жөнеледі. Бірақ ешкім құлақ аспай, топырақты лақтыруларын жалғастыра береді. Көп ұзамай есектің үні шықпай қалады. «Өліп қалды ма» деп егесі құдыққа үңіліп қараса, жоқ, есегі тірі. Ол жотасына түскен әр топырақты сілкіп-қағып, аяғының астына таптап жинап жатыр екен. Лақтырылған топырақты аяғының астына жинай-жинай, біраз уақыттан кейін құдықтың аузына дейін биіктеген есек, ақыры бір қарғып, құдықтан шығып кетіпті.

Алынар ғибрат:

«Үстіңізге топырақ лақтырылған сайын, оны үстіңізден қағып-сілкіп отырсаңыз, биіктеп, ақыры ең терең деген құдықтың өзінен аман-есен шығып кететіңізді ұмытпаңыз!».

Тұрғын Нұғман

0 пікір