Табиғиннің тақуа имамдарының бірі Сайыд ибн Мүсәйяб қайтыс боларда, замандасы Нафи ибн Жүбәйір қалын сұрап барды. Талмаусырап кеткен бір мезетте Нафи науқастың төсегінің басын құбылаға қаратқызуды бұйырды. Жанындағылар дереу айтқанды істеп, төсегін құбылаға қаратты. Есін жиған уақытта Сайыд ибн Мүсәйяб: «Менің төсегімді құбылаға қаратқызған қайсысың?» - деп сұрады. Нафи: «Мен» дегенде, ол: «Егер мен өмірімде саналы түрде құбыламды таппаған болсам, құбыламнан жаңылып, мұсылмандыққа сай ізгілікті ғұмыр кешпеген болсам, өлер шағымда сендердің менің төсегімді құбылаға қаратуларыңның ешқандай пайдасы тимес еді» деді.