Қожанасыр мен дәхридің (философ-материалист) айтысы
Қожанасыр мен дәхридің (философ-материалист) айтысы
2 сағат бұрын 125 islam.kz/

Ақсақ Темірдің Ақшеһар аймағын билеп тұрған заман екен. Бір күні қалаға материалист философ келіп:

- «Менің көкейімде қояр сауалдарым бар. Егер араларыңда білімге дес бермес білгір ғалымдарың болса, шықсын, сонымен сайысқа түсемін!» — деп жар салады.

Мұны естіген Әмір Темір қаланың игі жақсыларын жинап:

- «Бізге жат жерден бір оқымысты келіп, жаратылыс пен заттық әлемнің ілімінен сайысуға шақырып жатыр. Ол — жер жаһанды кезіп жүрген жан. Егер біз оған қарсы сан қырлы ғылымды меңгерген, зерек ойлы адам шығармасақ, ол: "Рум елінде оқымысты біткен таусылыпты" деп күллі әлемге жар салады. Бұл біздің мемлекетіміз бен халқымыздың абыройына нұқсан келтірері анық», — дейді.

Қаланың ақсақалдары мен билері ақылдаса келе, әуелі «бізде мұндай ілім иесі жоқ» деп өкінішпен мойындамақ болады. Бірақ соңынан: «Жоқ, бұлай істегеніміз жарамас, бұл пәленің жолын кесіп, басымыздан арылтудың амалын табуымыз керек», — деп бекиді.

Олар Көния мен Қайсеріден ғалымдар алдыртпақ болғанда, іштерінен біреуі:

- «Өзге жақтан ғалым шақыртсақ, оған көп уақыт кетеді. Бұл біздің дәрменсіздігімізді көрсетіп, қала жұртының алдындағы беделімізді түсіреді. "Ақыл ақымақтан да шығады" деген бар емес пе? Келіңіздер, бұл іске біздің Қожанасыр не дер екен? Бәлкім, ол бір амалын тауып, тілімізді білмейтін мына жатжерліктің жолын кесер», — деп ұсыныс тастайды.

Бұл ой бәріне ұнап, Қожаны шақыртып алып, мән-жайды түсіндіреді. Сонда Қожа Насыр:

- «Мақұл, бұл істі маған қалдырыңдар. Егер мен оның бетін қайтарып, ұтымды жауаппен тоқтатсам — нұр үстіне нұр. Ал егер сөзім өтпесе, сендер: "Бұл өзі есі ауысқан, алжыған диуана еді, мәжіліске өзі кіріп кетіпті" дерсіңдер, сосын барып нағыз ғалымдарыңды шығарарсыңдар. Тек бір шартым бар: егер мерейім үстем болса, патшаның берер сыйын есептемегенде, әрқайсыңнан маған бір-бір сыйлық болады», — дейді.

Ақсақалдар қуанып:

- «Айналайын Қожа, сен тек бізді ұятқа қалдырмасаң болды! Не қаласаң да бәрін береміз!» — деп шуласа кетеді.

Белгіленген күні қала алаңына салтанатты шатырлар тігіліп, Ақсақ Темір бастаған атқамінерлер, әскербасылар мен уәзірлер алтынмен апталған сауыттарын киіп, айбын танытып сап түзеді. Көп ұзамай үсті-басы аздап ұйпа-тұйпа, түр-әлпеті бөтен, біртүрлі дәхри (атеист философ) келіп, әміршінің қасына жайғасты. Жиналған жұрт демін ішіне тартып, Қожаны күтті.

Көп кешікпей басына қазандай сәлде ораған, кең жеңді шапанын желбіреткен Қожанасыр да көрінді. Соңынан Хаммад бастаған шәкірттері еріп келеді. Қожаны құрметпен патшаның оң жағына отырғызды.

Шәрбат ішіліп, жұрт бір тыныстаған соң, әлгі пәлсапашы ортаға шықты. Ол салтанатты түрде жерге үлкен бір шеңбер сызды да, Қожаның бетіне «ал, не дейсің?» дегендей нық қарады. Қожа іркілместен орнынан тұрып, шеңберді қақ ортасынан түзу сызықпен бөліп тастады. Сосын пәлсапашыға қадала қарады. Сәлден соң тағы бір сызық жүргізіп, шеңберді төртке бөлді. Қолымен белгі беріп, сол төрт бөліктің үшеуін өзіне қарай тартқандай ишарат жасады да, бір бөлігін қарсыласына қарай итеріп жіберді. Пәлсапашы басын изеп, Қожаның бұл шешімін мақұлдады.

Содан соң пәлсапашы саусақтарын қауызы ашылған қызғалдақтай жұмып, жоғары қарай көтерді. Қожа болса, керісінше, алақанын жерге қаратып, саусақтарын төмен түсірді. Пәлсапашы бұған да таңырқап, келісім берді.

Ең соңында пәлсапашы өзін көрсетіп, саусақтарымен жерде жорғалаған аңды бейнелеп, сосын ішінен бір нәрсе шыққандай белгі жасады. Қожа болса, дереу қалтасынан жұмыртқа шығарып көрсетті де, қолын қанатша қағып, оның ұшып кеткенін ишарат етті.

Мұны көргенде пәлсапашы еріксіз бас иіп, Қожаның алдына келіп қолын сүйді. Сосын Ақсақ Темір мен қала билеріне бұрылып: «Мына адам — заманымыздың теңдессіз данышпаны екен, сендер нағыз қазынаның үстінде отырсыңдар!» — деп таңырқапты.

Жиналған халық қуаныштан бөріктерін аспанға атты. Қожаның арқасында абыройлары асқақтап, масқара болудан аман қалған соң, алдын ала дайындаған сый-сияпаттарын, алтын-күмістерін алдына үйді. Ақсақ Темір де Қожанасырға риза болып, оны бағалы сыйлықтарға көміп тастады.

Пәлсапашының таңданысы

Жиын тарқап, ел орын-орнына кеткен соң, патша мен оның уәзірлері дәхриді (атеист философ) оңаша шығарып, тілмаш арқылы: «Біз сендердің мына ишараттарыңнан ештеңе түсінбедік. Қожаға не айттың, ол саған не деп жауап берді? Және неге сен оның уәжін бірден мақұлдап, шындық деп қабылдадың?» — деп сұрайды.

Сонда пәлсапашы оларға былай деп түсіндіреді:

— Дүниенің жаратылысы туралы грек ғалымдары мен еврей ғұламаларының арасында үлкен талас бар. Мен мұсылман ғалымдарының бұл мәселеге қатысты пікірін білмегендіктен, ақиқаттың бетін ашқым келді. Сондықтан мен жерге шеңбер сызып, жер шарының домалақ екенін меңзедім. Қожа болса, оны растап қана қоймай, шеңберді қақ бөліп, жердің солтүстік және оңтүстік жарты шарларға бөлінетінін көрсетті. Сосын тағы бір сызық жүргізіп, оның үш бөлігін өзіне тартып, бір бөлігін маған қалдыруымен — жер бетінің төрттен үшін су, ал төрттен бірін құрлық (жеті ықлым) алып жатқанын дәлме-дәл баяндап берді.

Одан кейін жаратылыс пен тіршіліктің құпиясын білу мақсатында саусақтарымды жоғары қараттым. Бұл — «жер бетіндегі өсімдіктер мен қазба байлықтар қалай өседі?» деген сұрағым еді. Қожа болса, саусақтарын төмен қаратып, ең соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйене отырып: «Мұның бәрі көктен түскен жаңбырдың, күн нұрының және аспан денелерінің әсерінен өніп шығады», — деп жауап берді.

Ең соңында мен өзімді көрсетіп, жер бауырлаған аңдардың көбеюлерінің жолын меңзеген едім, бірақ жан-жануарлардың бәрін толық қамти алмай, сөзім көмескілеу шығып қалған еді. Сонда Қожа қалтасынан жұмыртқа шығарып, қолымен ұшқан құсты бейнелеу арқылы — дүниедегі тіршілік иелерінің, оның ішінде құс екеш құстың да қалай жаратылатынын, адамзат баласының қалай көбейетінін қысқа да нұсқа, әрі ұтымды жеткізді.

Осыдан-ақ мен сіздердің ғалымдарыңыздың тек жердегі емес, көктегі ілімді де, көзге көрінетін де, көрінбейтін де ғылымды меңгерген нағыз кемеңгер екенін түсіндім. Мұндай жаратылыстану ғылымының білгірімен жерлес болғандарыңызға мақтансаңыздар болады! — деп ағынан жарылады.

Жатжерлік пәлсапашыны құрметпен шығарып салып, сый-сияпатқа бөлеген соң, жұрт енді Қожанасырды қоршап алды. Бәрінің көкейінде бір сауал: «Қожа-ау, сен оған не дедің? Ол неге сонша таңғалды?» — деп жамырай кетті.

Сонда Қожа мырс етіп күліп жіберіп, былай депті:

— Әй, жұртым-ау, несін айтайын! Мыналарың ғалым емес, кәдімгі іші кеуіп, өзегі талып жүрген ашқарақ біреу екен ғой. Сендер маған оны «ұлы ғұлама» деп мақтап, босқа мазамды алған екенсіңдер. Ол ортаға шығып, жерге шеңбер сызғанда: «Шіркін, қазір алдымызда буы бұрқыраған бір табақ палау болса ғой!» — деп тұрғанын бірден түсіндім. Мен шеңберді қақ бөліп: «Онда бауырым, тең бөліп жейміз», — дедім. Қарасам, ол үндемейді, демек азсынды. Сосын төртке бөліп, үшеуін өзіме тартып, біреуін оған итердім: «Маған үшеуі, саған біреуі де жетеді», — дедім. Бейшара амалсыз басын изеп, «оған да шүкір» дегендей ишарат жасады.

Сосын ол саусақтарын жоғары қаратып: «Сол палаудың бетіне мейіз бен өрік сеуіп жіберсе, қандай тамаша болар еді!» — деп тамсанды. Мен алақанымды төмен қаратып: «Оның үстіне бұрыш пен тұзды да ұмытпау керек қой», — деп жауап бердім. Бұл мәселені де осылай шештік.

Ең соңында ол ішін көрсетіп, алыс жолдан келгенін, қарыны ашып, дәмді ештеңе татпағанын айтып мүсәпірсінді. Мен оған: «Менің жағдайым сенен де сорақы, аштықтан қауырсындай ұшып кете жаздап тұрмын», — дедім. Сосын қалтадан жұмыртқаны шығарып: «Бүгін таңертең әйелім бар болғаны бір жұмыртқа пісіріп беріп еді, сендер шақыртқан соң оны да жеуге үлгермей, қалтама сала салғанмын», — деп түсіндірдім. Бар болғаны осы!

Мұны естіген жұрт: «Мен не деймін, домбырам не дейді?!» — дегеннің кері болғанына қайран қалды. Екі жақтың танымы екі бөлек болса да, сұрақ пен жауаптың бір-біріне дөп келіп, екеуінің де риза болып тарқасқанына таңдай қағысты.

Түйін: Кейде ең күрделі мәселенің шешімі — ең қарапайым нәрседе жатады. Тек оны кімнің қалай қабылдайтынына байланысты.


alfarabinur kz

 

0 пікір