Бірде патшалардың бірі өзімен замандас тақуа әрі ғалым бір кісіге хат жазады. Хатында болашағы бұлыңғыр елдің белгісін қалай білуге болатынын сұрайды. Ғалым қағазға: «Қойшы, маған ол неге керек?» деп жазып патшаға жібереді.
Жауапқа көңілі толмаған патша ғалымды іздеп үйіне барады. Жауап ала алмағына пұшайман екенін білдіреді. Сонда: «Біз жауап бердік» - дейді ғалым. «Бірақ соны сіздің түсінбегеніңізге таңғалып тұрмын».
«Сонда қалай жауап бердіңіз?»
«Алдияр тақсыр, менің айтпағым немқұрайдылық еді. Егер ел ішінде әділетсіздік пен жәбірлеушілік, күнәлі істер тарап, оны көргендер шара қолданудың орнына: «Қойшы, маған ол неге керек?» дейтін болса, ол елдің болашағы бұлыңғыр тартқаны. Қойды қасқыр емес малшының өзі жейтін болса, оны білетіндер шындықты айтпаса, кедейлер мен мұқтаждардың, ғаріптердің мұңын басшылар естімесе, міне, сол кезде алға басқан аяғыңның кері кеткені. Жауабымның мәнісі сол».