Қайыры жоқ қайырымдылық
Қайыры жоқ қайырымдылық
6 жыл бұрын 4410
Құдияр БІЛӘЛ

Өмірде қайрымды адамдар аз емес. Біз соларды мақтан тұтамыз. Алайда сол қайрымды адамдардың болуы - қоғамның да, діннің де басқа бағытқа бұрылып кеткендігін пайымдатады. Себебі, қайрымды болу үшін мұсылман болуың шарт емес. Қайрымдылық іс-шаралар мұсылман емес елдерде тіпті жоғары деңгейде өтеді. Ол ел байлары жасаған қайрымдылықтың қасында біздің байлардың мырзалығы жетім қыздың тойына жасаған шашудай-ақ болып қалады. Осы жәйттарды салыстырған кейбіреулерге бұл - біздің діннің кінәраты сияқты әсер етеді. Шынтуайтына келгенде қайрымдылық - діннен алшақтап кеткен елдерге тән.

Ал біздің дәстүрлі дінде қайрымдылық деген ұғым жоқ. Себебі, біздің ата-бабаларымыздың өмір салтының өзі қайрымдылыққа негізделген. Ұғынықтылық үшін мына бір тәмсілді келтіре кетелік. Бір Ишан кісі өз елінің билеушісіне осы біз айтқан әңгімені, яғни қайрымдылық жасайтын адамдардан гөрі қайрымдылықты өмір салтына айналдырған адамдар жоғары тұрады дегенді айтып, еш ұғындыра алмай қояды. Ақыры болмаған соң әлгі билеушіге "Сіз ұзындығы бір метр келетін қасық дайындатыңыз да, өзіңіз мақтан тұтатын қайырымды адамдарыңызды қонаққа шақырыңыз. Бәрінің алдына ас қойып, қолдарына өзіңіз жасатқан бір метрлік қасықты беріп, әрқайсысы тамақтарын осы қасық сабының бас жағынан ұстап тұрып ішуге әмір етіңіз" дейді. Әмірші тап солай етеді. Қонақтардың ешқайсысы қасықтарын өз ауыздарына жеткізе алмағандықтан аш қалады. Ишан келесі кезекте дәстүрлі дінді ұстанып жүрген адамдарды қонаққа шақыртады. Оларға да ас тап осы тәртіппен ұсынылады. Сонда діндарлар бір-бірін тамақтандырып, тегіс тойып алады. 

Жалпы қайрымдылықты діннен бөліп қарауға болмайды. Дін өз мәнінен ажыраған кезде қайрымдылық игілікті шара ретінде жеке дара алға шығады. Ал қайрымдылық өмір салтына айналғанда әр адам өзі емес, өзгенің болғанын қалап тұрады. Мынандай бір тәмсіл бар.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүзім жеп отырады. Саxабалар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүзімді төменгі жағынан жеп отырғанын байқап, бұлай жеуінің себебін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) " Жүзімнің төменгі жағы майда, әрі дәмсіз, ал жоғарғы жағы ірі, әрі дәмді екен. Сол жоғарғы жағына жеткенше бір досым келіп қалса, сол жесе екен деп, төменнен жеп отырмын" дейді. 

Мұндай мінез дәстүрлі дінді ұстанған біздің ата-бабаларымызға тән еді. Зекет, құрбандықтан берілетін үлес, айт мерекесі - діннің бір құрамдас бөлшегі емес, өмір салты ретінде қабылданатын. Сол өмір салты қайрымдылық пен мұсылмандықты бір ұғым ретінде қалыптастырды. Солай бола тұра қайрымдылықтың әлемдік деңгейде алға шығуы - байыбына барсақ, дінімізге тән сол ізгілікті саналы түрде жоққа шығаруды мақсат етеді. Ал біз болса, дәстүрлі дінімізді тәркі ету арқылы соларға қолдау білдіріп келе жатқандығымызға мән берер емеспіз. Болмаса қайрымды жандардың аяғынан шалғалы жатқан біз жоқ. 

0 пікір