Пайғамбарға деген құрметпен басын жерге қойған кім?
Пайғамбарға деген құрметпен басын жерге қойған кім?
9 жыл бұрын 3426

Ахмед ибн Ханбалдың баяндауынша, бір күні Омар (р.а.) хазірет Аббастың (р.а.) үйінің жанынан өтіп бара жатқанда, қол жетім жерде тұрған шатырдың суағарынан үстіне бір-екі тамшы қан тамады. Хазірет Омар «Шатырда мал сойған кім екен? Қаны үстіме тамшылап, киімімді былғады» деп ашуланып, әлгі шатыр шетіндегі суағарды жұлып алып тастайды. Үйіне қайта барып шапанын ауыстырып жұма намазға келеді... Хұтбасының соңында жамағатқа қарап: «Уа, жамағат! Кейбір жөнсіз істеріңізге айтарым бар. Бүгін мешітке келе жатып, пәленшенің үйінің жанынан өттім, дәл сол жерден өте бергенде шатырдан үстіме қан тамды. Сол себепті әлгі шатырдағы суағарды жұлып алып тастадым» деуі мұң екен, Аббас (р.а.) орнынан атып тұрып: «Уа, Омар, бұл не қылғаның? Ол жерге суағарды Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өз қолымен орнатқан еді», – дейді. Мұны естігенде Омар (р.а.) не істедім дегендей буын-буыны босап, жерге сылқ етіп отыра кетті. Сәлден соң Аббастың алдында (р.а.) барып: «Уаллаһи, биллаһи, жаңағы жерге қайта барайық. Сен менің мына басымды аяғыңмен басып тұрып, сол құбырды орнына қайтадан қоймайынша, басымды көтермеймін», – деп серт береді.

Жұмадан соң екеуі әлгі жерге барды. Айтқандай Омар (р.а.) күллі жаһанға тәж боларлық қадірлі басын жерге қойды. Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз қолымен қойған құбыры мен мүминдердің халифасы атанған алып тұлға Омар (р.а.) арасында таңдау жасау қажет болғанда, хазірет Аббас іркілместен халифаның басын басты да, әлгі құбырды орнына қайта орнатты1.

1 Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/210; Ибнул-Жәузи, Сыфатус-сафуа, 1/285.

0 пікір