«ӨЗІҢДІ ҚЫРАН САНАП ЖҮРСІҢ... КЕЛІП, БАС И!» деген Византия патшасы Нақфурға (Никифор) халифа Харун Рашидтің жауабы
«ӨЗІҢДІ ҚЫРАН САНАП ЖҮРСІҢ... КЕЛІП, БАС И!» деген Византия патшасы Нақфурға (Никифор) халифа Харун Рашидтің жауабы
4 жыл бұрын 9485
Абдусамат Қасым

Атақты Құран тәпсіршісі әрі тарихшы Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) өзінің «әл-Бидәя уән-Ниһәя» атты тарих кітабында мынадай бір мәліметті келтіреді:

Хижри 187-жылы Харун Рашидтің (миләди 763-809 жыл) Византия патшайымы Ағуста Иринамен (миләди 752-803 жыл) жасасқан бейбіт келісімшартын византиялықтар бұзады. Ал, патшайымның өзін тақтан түсіріп, оның орнына империядағы екінші адам саналатын қатал әрі озбыр Нақфур (Никифор)[1] есімді адамды отырғызады. Оның Жүфнә ұрпағынан болғандығы айтылған. Византиялықтар Ағуста Иринаны тақтан түсіргенімен қоймай, оның екі көзін ойып тастайды.

Сонымен не керек, империяның тізгінің өз қолына алған Нақфур, сол кездегі мұсылмандардың халифасы Харун Рашидке былай деп хат жолдайды: 

«Византия патшасы Нақфурдан, арабтардың патшасы Харун Рашидке!

Менен бұрынғы патшайым Сені «Рух» (رُخٌّ) қыран құсының орнына, ал, Өзін кішкене қаршығаның орнына қойып жүрді. Және де сен лайық болмаған мал-дүниелерді саған жолдап отырды. Бұл - әйел қауымының ақымақтығы мен әлсіздігінің нәтижесі.

Әлқисса, егер менің хатымды оқыған болсаң, саған жолданған бүкіл мал-дүниені кері қайтар. Бұл сенің өз азаттығың үшін төлейтін төлемің болсын. Әйтпесе, біз бен сенің араңда қылыш бар!» - дейді Нақфур өзінің хатында.

Хатты оқыған халифа өте қатты ашуланады. Оның ашуға булыққаны соншалықты, айналасындағылар қорқыныштан кірерге тесік таппай, ләм-мим деу былай тұрсын, ешкім жүзіне де қарай алмапты.

Бір сәттен соң Харун Рашид қалам мен сия сұратып, хаттың артқы бетіне былай деп жазады:

«Аса мейірімді, ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын! 

Мүміндердің әміршісі Харун Рашидтен, Византияның иті Нақфурға!

Ей, кәпірдің ұлы! Мен сенің хатыңды оқыдым. Менің жауабым – еститінің емес, көретінің болады. Уәс-Сәләм!» - деп қысқа-нұсқа, бірақ қаһарға толы сөйлем жазып жібереді.

Одан соң орнынан тұрып, әскерін бастап жолға шығады. Византияның шегарасынан баса-көктеп кіріп, Һирақла (Гераклея, Хергла) қаласының қақпасына әскерін таяйды. Көп ұзамай қаланы басып алады. Қаланың билеушісінің қызын өзіне таңдап, мол дүние олжалап, (патша сарайын) талқандап, отқа орайды.

«Жалмауызға да жан керек» демекші, Харун Рашидтің жауабының қандай болатындығын көзбен көрген Нақфур, әр жылы мұсылмандарға хараж салығын төлеп тұруға уәде беріп, келісімшартты қайта жандандыруды сұрайды. Харун Рашид оның ұсынысын қабыл етеді[2]. ЖОҒАЛТЫП АЛҒАН ӘЛЕУЕТ!


[1] Никифор - Византия империясының қазынасын басқарды әрі генерал шеңіне ие болды, беделі жөнінен империядағы екінші адам саналатын. 
[2] Ибн Кәсир: «әл-Бидәя уән Ниһая».

0 пікір