Өзің қандай болсаң, басшың сондай
Өзің қандай болсаң, басшың сондай
5 жыл бұрын 5274

Омар (р.а.) қай жолмен жүрсе де сол жол бойында жатқан ірілеу тастарды аяғының ұшымен жолдың шетіне ысырып, өзінен кейін сол жолмен жүретіндерге кедергі келмеуіне көңіл бөлетін.

Бір күні тағы до жолмен кетіп бара жатып, жол үстінде жатқан бір тасты аяғымен жол шетіне қарай ысыра теуіп қалған. Алайда жол шетіне шығарып тастамақ болған тас байқаусызда қарсы келе жатқан бір сахабаның аяғына барып тиді. Бұл жайтқа әзіреті Омар іштей өкініш білдіресе де, үндемеген қалпы кете барады.

Арада бір жыл өткен еді. Омар сол баяғы жолмен кетіп бара жатып тағы да кездесіп қалып жатқан жол бойындағы тастарды жол шетіне ысырып кетіп жатыр еді. Дәл сол мезет өткен жылы аяғына тас тиген сахаба да сол жолмен өтіп бара жатыр екен.

Халифа еш ойланбастан қалтасына қолын салып, қалтасынан бір уыс ақша алып, әлгі сахабаға:

- Мә, мына ақшаны ал да қажетіңе жұмса, - дейді.

Сахаба таңырқаған күйі:

- Уа, мүміндердің басшысы! Жұмсайтын ақша өзімде де бар ғой, - деді.

- Жұмсайтын ақшаң бар да шығар білемін, бірақ сонда да алғаныңды қалаймын.

- Жоқ, маған қажет емес.

- Әй, сен осы жылы қажылыққа бармаушы ма еді?

- Иә, барам.

- Онда мә, жолыңа жұмсарсың.

- Жолыма да өз ақшам жеткілікті.

- Иә, жолыңа ақша бар екендігін білемін, алайда мені кешірсін деп осы ақшаны берсем деп едім. Есіңде болса өткен жылы дәл осы жермен кетіп жатып бір тасты жол шетіне теуі жібергенім сол еді, ол тас барып байқаусызда сенің аяғыңа тиді. Мен басшы бола тұра бір адамды болсын аяғын ауыртып, ренжіткенім үшін іштей өзімді қатты кінәлап едім. Енді міне, соның мүмкіндігі туып тұрғандай. Сен мына ақшаны ал да менің сол жолғы абайсызда жасаған қылығымды кешір, мен де іштей мазасыздықтан құтылайын. Сен бұны алсаң, мен де жеңілдеп, өзімді жасы сезінер едім. Кісі ақысының салмағын өзің білесің ғой...

Бұл сол кездегі басшысының жағдайы еді. Ал енді сол күнгі жай қарапайым халықтың жайынан мысал беріп көрейік.

Өзі тоқ бола тұра, көршісі аш бұратылып жатса, оның мұсылман ретінде саналмайтындығын Әбу Зәрр жиі айтатын. Ол сондай-ақ қолында мүмкіндік бола тұра кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға қараспаған адамның о дүниеде тозақтың азабын тартатындығын да жиі ескертетін.

Оны осы қылығын жақсы білетін жақын таныстарының бірі оны сынамақшы болып оған сыйлық ретінде бір кесе алтын беріп жіберіпті.

Әбу Зәрр болса, ол алтынды ала алмайтындығын, одан да сол алтынды өзінен де жағдайы төмен кедей-кембағалдарға тапсыруы керек екендігін қанша айтса да алтынды әкелген құл «егер сіз осыны алсаңыз, менің құлдықтан құтылатындығымды айтты» деп алмасына қоймаған соң, Әбу Зәрр амал жоқ ол алтындарды алыпты.

Ертесі күні таңертең кешегі құл қайта келіп:

- Кешіріңіз, кешегі алтындарды қайтып өзіме берсеңіз, мен оны қателесіп сізге әкеліп берген екенмін, - деп, кешегі берген алтындарды қайтарып беруін сұрапты.

Сонда Әбу Зәрр оған:

- Көршім қарызға белшеден батып отырғанда, уыс-уыс ақшаның буына мас болып отыратын адам мен емеспін, сондықтан кеше қолыма түскен ақшаны сол күні кешке дейін-ақ қарызынан құтыла алмай отырған жарлы-жақыбайдың біріне бергенмін. Дәл қазір саған бере қоятындай менше ешқандай ақша жоқ.

Иә, бұл оқиға «асру саадат» делінетін «бақытты ғасырдан» бір көрініс болатын.

Ал енді біраз Хижреттің жетпісінші жылдарына қарай келелік.

Тарихта қаныпезерлігімен аты шыққан Хажжаж көптеген сахабалардың өмірін қиған, тас лақтырып Қағбаны қиратпақ болған, кейбір сахабаларды улап өлтірген қатыгез адам еді.

Бірде осы кісіге ел жиылып келіп:

- Ей, басшы! Сен Әзіреті Омар секілді болсаңшы. Ол әділдікті сүйетін, халықпен жақсы шығысатын. Ол халықтың басын шапқызбақ түгілі, абайсызда біреудің аяғына тас тиіп кеткені үшін бір жыл өтіп кетсе де ұмытпай кешірім сұрай білетін адам етін. Сен де кішкене болса да оған ұқсасан нетті! – деген екен.

Сонда Хажжаждың берген жауабы мынау болыпты:

- Дұрыс айтасыңдар! Алайда Омардың дәуірінде Әбу Зәрр секілді халқы бар тұғын. Сендер Әбу Зәрр секілді дінде бауырларының қамын жейтін шынайы, жылы жүректі мұсылман болсаңдар, мен де Омар секілді халықты ойлайтын әділ басшы болар едім. Өздерің Әбу Зәррдай бола алмай тұрып, менен Омардай тұлға болуды күтпеңдер! Өйткені сендердің мына кейіптеріңе қазіргі таңда басшы ретінде мен ғана лайықпын! – депті.

«Тағылым тамшылары» атты кітаптан.
Авторы: Құдайберді Бағашар

 

1 пікір
  • Өте дұрыс айтылған екен.
    Тура қазіргі біздің жағдай!
    Халық қандай болса, соған лайықты басшы болады!
    Біз отырып алып, басшыны жамандай береміз.
    Ал өзімізге қарамаймыз!
    Өзімізді- бір мін жоқ, сүттен ақ, судан таза жандай сезінеміз)))
    4 жыл бұрын