Отқа түсуге бола ма?
Отқа түсуге бола ма?
9 жыл бұрын 4326

Әбу Сағид (р.а.) риуаят еткен бір хадисте:

«Хазірет пайғамбар (с.а.у.) Әлқама ибн Мүжәззәзді (р.а.) әскер басы етіп тағайындайды. Мен де сол әскердің қатарында едім. Біршама жер жүрген соң, бір топ әскер бөлінуге рұқсат алды, әскер басы рұқсат беріп оларға Абдуллаһ ибн Хузафа ибн Қайыс әс-Сәхмиді қолбасшы етіп тағайындады. Сол әскерлердің қатарында мен де шайқастым. Қайтар жолда бір жерге аялдап, бой жылытып әрі тамақ дайындау үшін ошақ құрдық. Қолбасшы Абдуллаһ әзілқой кісі еді. Әскерлерге қарап:

‒ Сендер маған бойсұнасыңдар ғой? – деп еді, барлығы:

– Әлбетте, – деді.

– Жә, онда мен не айтсам да орындайсыңдар ғой?

‒ Иә, иә.

– Онда мына лаулап тұрған отқа секіріңдер, – дегені сол еді, әскерлер орындарынан тұрып, секіруге дайындала бастады. Абдуллаһ олардың әмірді мүлтіксіз орындайтынына көзі жеткенде, бәрін тоқтатып:

‒ Қойыңдар, секірмеңдер! Бұл сендерді жай сынағаным, – деді. Мәдинаға қайтып келгенде осы оқиға жайлы отырыста сөз болды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар (өздеріңе жауапты адамдар) егер Аллаға қарсы келуді бұйырса, айтқанын істемеңдер!» – деді.

1 пікір
  • Ма шә Аллаһ! Керемет! Ия, әмірге күнә мен Аллаға қарсы келуде бағынылмайды. Бірақ, осыны елімізде "өгізді де өлтірмейтіндей, арбаны да сындырмайтындай" етіп бір жүйеге қойып, басшылар халықпен санасса екен
    8 жыл бұрын