Өмірдің мәні неде? (ғибрат)
Өмірдің мәні неде? (ғибрат)
5 жыл бұрын 8213
Асылбек Әуезханұлы

Бағзы заманда бір кісі өмірдің мақсатын білмекке ізденіпті. Әрі ойлайды, бері ойлайды бірақ санасын торлаған сауалға жауап таба алмайды. Енді бұл сұрақты көрген - білген адамдарынан сұрай бастапты. Бірақ ешкімнен тұщымды жауап алмайды. Ауылдарды, көрші қалаларды аралап: «Маған бұл өмірдің мақсатын айтып беріңдерші» деп сұрастыра береді. Қанша жақсы болса да, алынған жауаптар бұл кісіні қанағаттандырмайды. «Еее, мұның жауабы жоқ екен ғой» деп күдерін үзетін шаққа жетеді. Сол кезде бір адам: «Сонау таудың арғы жағында көп жасаған қария бар. Содан сұрап көр. Бұл сұрақтың жауабын бір білсе, сол қария біледі» деп жөн сілтейді.
Айтқан жерге жетіп, әлгі қартқа арнайы келген сауалын тастайды. Сонда ақсақал: «Шырағым, бұл сұрағыңа жауап беремін. Бірақ алдымен сені кішігірім бір сынақтан өткізуім керек. Соған көнесің бе?» - дейді.
- Ойбай - ау, әрине көнемін. Сол үшін ел кезіп, жер кезіп жүрген жоқпын ба? Айтыңыз сынағыңызды.
Қария бұл кісінің қолына бір қасық ұстатады. Сөйтеді де, оның бетіне дейін шүпілдетіп зәйтүн майын құйып береді: «Енді сен осыны ұстап мына бақшаны бір айналып келесің. Бірақ байқа, қасықтан бір тамшы май төгіліп кетсе, сынақтан құлағаның» деп ескертіп қояды. Жолаушы жақсы деп келіседі де, бақшаны айналып кете барады. Біраз уақыттан соң қайтып келеді.
- Қалай, майды төгіп алған жоқсың ба?
- Жоқ, бір тамшысы да төгілген жоқ.
- Ал енді айтшы, бақшаның гүлдері әдемі ме екен?
- Атам - ау! Оны қайдан білейін, менің есіл - дертім мына қасықта болған жоқ па?
- Ендеше, бақшаны тағы бір айналып шық та, енді маған бақшаның көркемдігін айтып бер.
Жолаушы бір айналып қайтып келеді.
- Бақша қалай екен, - дейді қария.
- Әдемі екен, ата! Өте әдемі екен.
Осы тұста данышпан қарт сәл ғана жымияды да: «Бірақ қасықтағы майың не болды?», - дейді. Қараса, бір тамшы да май қалмапты.
Осы бір өмірлік сабақтан кейін: «Қарағым, енді жақсылап тыңдап ал! Бұл өмірдің мәні сенің оған қарауыңа байланысты өзгере береді. Өмір бойы бір - ақ нәрсе көріп, қартайып қалғаныңды да байқамауың мүмкін. Сондай - ақ бұл дүниенің барлық ғажайыптарына таң қалып, оны Жаратушының шеберлігіне таң қалып, ағып жатқан уақытыңа мән бермеуің мүмкін. Біле білсең, бұл өмірдің мәні сенің оған көзқарасыңа жасырылып қойған», дейді данагөй қария.

0 пікір