Өліп, жүз жылдан кейін қайта тірілген Узейрдің оқиғасы
Өліп, жүз жылдан кейін қайта тірілген Узейрдің оқиғасы
3 жыл бұрын 10277
Абдусамат Қасым

Узейр пайғамбар (ғалейһиссәләм) Дәуіт пен Сүлеймен пайғамбарлардан кейінгі және Зәкәрия мен Яхя пайғамбарларға дейінгі замандарда өмір сүрген тарихи тұлға. Оның пайғамбар (нәби) болғандығы таласты мәселе болса да, көбі оны пайғамбар ретінде біледі. Исраил ұрпақтарынан шыққан. Исраил ұрпақтары арасында Тәурат кітабын жаттайтын адам табылмағанда, Алла Тағала Узейр ғалейһиссәләмға илһам салып, Тәурат кітабын жаттап алады. Узейр пайғамбарға қырық жасында даналық беріледі. Ол ғалейһиссәләм ізгі сүйер, салиқалы, дана кісі еді. Аллаға дұға жасап, сырқаттарды ауруынан айықтыратын.

Бір күні бір елді-мекенге барып, келе жатқан жолда әлдебір қираған ауылға жолығады. Түскі уақыт еді. Күннің ыстығы басылғанша аялдай тұрайын десе керек, Ол есегін мінген күйі қираған елді-мекенге кіреді.

Қираған үйлердің бірінің көлеңкесіне барып жайғасады. Ағаш табағын шығарып, оған себетіндегі жүзімін сығады. Одан кейін екінші себетінен кепкен нанын шығарып, жібісін деп жүзімнің шырынына батырып қояды. Өзі аяғын дуалға тіреп, шалқасынан жатады да айналаны барлай қарайды. Кейбір қираған үйлердің төбесі ортасына түсіп, қабырғасы оның үстіне құлағанын көреді. Және өте ескі заманда өліп, шіріген адамдардың сүйектерін байқайды. Сол кезде өз-өзіне: «Алла оны өлтіргеннен кейін қалай қайта тірілтеді!?» - деп таң қалады. Сол мезетте Алла Тағала өлім періштесін жіберіп, Узейрдің жанын алады. Осылайша оның сүйегі сол жерде жүз жыл бойы қалады.

Арада жүз жыл өтеді. Осы жүз жыл ішінде Исраил ұлдарында неше түрлі нәрселер болады. Жүз жыл толғаннан кейін Алла Тағала шіріп кеткен Узейрдің денесіне періштелердің бірін жібереді. Періште алдымен оның денесінде жүрек пен екі көз жаратады. Ондағы мақсат, шіріген денесін Алла Тағала қалай қалпына келтіреді екен, көрсін. Жүрегімен соны ұқсын дегендік. Осылайша Алла Тағала, Узейр ғалейһиссәләмға өлілерді қалай қайта тірілтетінін көрсеткісі келеді.

Періште оның сүйектерін құрай бастайды. Сүйектерін құрап болғаннан кейін сүйектеріне ет қаптайды. Еттің сыртынан тері қаптайды. Соңында денесіне рух үрлейді. Мұның бәрін Узейр көріп, түйсігімен түсініп тұрады.

Денесі қалпына келтіріліп, жаңадан тірілген Узейр, басын көтеріп отырады. Сол кезде періште одан:

- Қанша уақыт өтті? – деп сұрайды.

- Бір күн немесе жарты күн өткен сияқты, - деп жауап береді Узейр. Өйткені ол жүз жыл бұрын жатқан кезінде түс уақыты еді, қайта тірілуі кешке жақын, күн батпай тұрып жүзеге асқан. Сондықтан Узейр «жарты күн немесе жарты күнге жетпейді» деп отыр.

- Жоқ. Жүз жыл өтті. Тамағыңа және сусыныңа қарашы, - дейді періште. Наны сол баяғы күйінше, сыққан жүзім шырыны да сол күйінше өзгермеген. Інжір мен жүзімін тістеп көреді, олар да бұзылмаған. Онда да Іштей сеніңкіремей тұрады. 

Сонда періште оған:

- Айтқаныма сенбей тұрсың ғой. Сенбесең есегіңе қарашы, - дейді. Узейр есегіне қараса, есегінің сүйегі шіріп, жоқ болуға жақын қалыпты. Періште есектің сүйегін шақырады. Әр жерден оның сүйегі келіп, періште есектің сүйектерін құрайды. Узейір оның бәрін өз көзімен қарап отырады. Есектің сүйектерін құрағаннан кейін, оған қан тамырлары мен бұлшықеттер кигізеді. Одан кейін етпен қаптайды. Денесіндегі қызыл еттен терісі мен түгі шығады. Одан кейін періште үрлеп, жан береді. Денесіне жан біткен есек екі құлағы тікерейіп, басын көкке көтерген күйі тұрады. Мұның бәріне куә болып тұрған Узейр, Алла Тағаланың өлілерді қалай тірілтетініне нақты көзі жетіп: «Енді білдім, Алла Тағала әр нәрсеге құдірет күші жетуші» дейді.

Узейрдің 120 жасқа толған бұрынғы қызметшісін көруі

Узейр ғалейһиссәләм қайта тірілген есегіне мініп, бұрынғы өзінің тұрған қаласына аттанады. Қала тұрғындары оны және оның мәртебесін ұмытқан. Ешкім оған құлақ аспайды. Өйткені арада жүз жыл өткен. Узейрді көрген көне көздерден ешкім қалмаған. Узейрді көрген, білгендер болса да олардың өздері Узейр жүз жылдан кейін оралды дегенге сене қоймасы анық. Сонымен Узейр ғалейһиссәләм қайғыланып, өзінің бұрынғы шаңырағына келеді. Келсе жасы жүз жиырмаға жеткен бір зағип кейуана отыр екен. Бұл кейуана кезінде Узейрдің үйінде қызметші болып істейтін. Узейр кеткенде ол жиырма жасар тұғын. Ол оны жақсы танитын.

- Қария, бұл Узейрдің үйі ме? - деп сұрайды.

- Иә, бұл Узейрдің үйі, - дейді кемпір. - Қанша жылдан бері Узейрді еске алған ешкім болмады, адамдар оны ұмытып кеткен еді, - деп көзіне жас алады. 

Сонда Узейр:

- Мен - Узейірмін. Алла Тағала мені осыдан жүз жыл бұрын жанымды алып, жүз жыл өткеннен кейін қайта тірілтті, - дейді.

- О, Тоба! Узейрді осыдан жүз жыл бұрын жоғалтып алдық, одан кейін ол жайында мүлдем естімедік. Ол аузы дуалы адам еді. Ауру сырқауларға дұға жасағанда дұғасы бірден қабыл болатын. Алладан сұрашы менің көзімді қайтарсын. Узейрді көрсем танитын едім, -дейді кемпір.

Узейр Аллаға дұға тілеп, оның екі көзін қолымен сипайды, көзі көріп кетеді. Одан соң қолынан ұстайды да: «Алланың қалауымен тұр!» деп айтады. Алла оның екі аяғына қуат беріп, сап-сау адамша тіке тұрады. Кемпір Узейрге қарап:

- Сізді таныдым, сіз - Узейрсіз! – деді.

Одан соң әлгі кейуана Исраил ұлдары шоғырланған ауданға Узейрді ертіп барады. Бәрі – жиын өткізіп жатқан екен. Жиынның арасында 118 жастағы Узейрдің ұлы да болады. Немерелерінің өздері орта жастан асып, ел ағасы атанған. Оларға кейуана келіп:

- Мынау Узейр. Узейр қайтып келді, - деп айтады. Бірақ олар сенбей, сөзін өтіріксінеді. – Мен, пәленше деген азаттығын алған бұрынғы қызметшілеріңмін. Мына кісі, мен үшін Раббысына дұға жасап, менің жанарымды қайтарды, екі аяғыма қуат берді. Бұл кісіні Алла Тағала жүз жыл бұрын өлтіріп, кейін қайта тірілтіпті, - дейді ағынан жарылып. Содан кейін барып, жиналған жұрт орнынан тұрып, Узейрге жақындайды. Бәрі анықтап қарайды. Сонда Узейрдің ұлы:

- Әкемнің екі жауырының ортасында қара қалы бар тұғын, - дейді. Ашып қараса, шыннан да екі жауырынның ортасында қал тұр. Сөйтіп, расында да бейтаныс кісінің Узейр екендігіне көздері жетеді.

Одан соң Исраил ұлдары Узейрге:

- Біздің арамызда тәурат кітабын жаттаған Узейрден басқа ешкім болмаған. Кезінде Бахтәнсыр (Навуходоносор ІІ – Жаңававилонның патшасы) тәурат кітабын өртеп, түк қалдырмап еді. Тек кейбір адамдар ғана Тәуратты жаттап, жадында сақтаған. Бізге тәурат кітабын жазып берші, - дейді. Бахтәнсырдың уақытында Узейрдің әкесі тәурат кітабын бір жерге жасырып, көміп тастаған еді. Ол жерді Узейрден басқа ешкім білмейтін. Ол Исраил қауымын сол жерге ертіп апарады. Жерді қазып, сол жерден көмулі тәурат кітабын шығарады. Парақтары үгітіліп тұрған кітапты алып оқиды.

Узейр ғалейһиссәләм бір ағаштың көлеңкесіне жайғасып отырып, айналасына Исраил қауымын жинап алып, тәурат кітабын жаңадан қалпына келтіруге тырысады. Сол заматта аспаннан екі жұлдыз түсіп, оның ішіне енеді. Одан соң бұрын жаттаған тәураттағы сөйлемдер айна-қатесіз еске түсіп, ол Исраил ұлдарына тәурат кітабын жаңадан қалпына келтіреді. Оған енген жұлдызға қарап, оның тәурат кітабын жаңалауына қарап және Исраил қауымының діни жол-жоралғыларын жандандыруына қарап, Исраил қауымы оны "Узейр Алланың ұлы» деп атап кетеді.  

Узейр ғалейһиссәләмның Тәуратты қайта қалпына келтіру жұмысы, қара жерде Иезекеииль ғибадатханасында жүзеге асады. Узейрдің кездестірген қиранды ауыл «Сайрабаз» деп аталған[1].

Узейр ғалейһиссәләмның өліп, қайта тірілу оқиғасы Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің, 259 аятында баяндалған.


[1] Ибн Кәсир: «Қисасуль Әнбия», 1 /655 бет.

0 пікір