Нұх пайғамбар заманында баласы 280 жасында қайтыс болған бір ана жылап отыр екен... (ғибрат-хикая)
Нұх пайғамбар заманында баласы 280 жасында қайтыс болған бір ана жылап отыр екен... (ғибрат-хикая)
1 жыл бұрын 3921

Нұх пайғамбар заманында адамдар ұзақ жыл өмір сүретін болған екен. Нұх пайғамбардың өзі 950-1000 жыл өмір кешкендігі Құранда ашық айтылған. Пайғамбар мың жыл бойы қауымын бір Аллаға табынуға шақырған. Өмірінің ақыры жақындағанда жан алғыш періште келіп: «Ей, ең ұзақ жасаған пайғамбар! Осы дүние және оның рақаты жайында не айтар едің?» - депті. Сонда Нұх пайғамбар (ғалейһиссәләм): «Құдды екі есігі бар бір үйге кірген адам тәріздімін. Бір есігінен кіріп, үйдің ортасында біраз аялдап, сосын екінші есіктен шығып кеткендеймін» - деген екен. Атам қазақ өмірді «қамшының сабындай» деп өлшеген. Осы қамшының сабындай уақытта қаншама жамандықтарға бой алдырып жатамыз.

Бір күні Нұх пайғамбар жолда кетіп бара жатса бір әйел кісі етегі жасқа толып жылап отыр екен. Нұх пайғамбар ғ.с. қасына барып:

- Қызым, саған не болды? Неге сонша жылап отырсың? - деп сұрапты.

- Балам қайтыс болды. Балам өте жас кетті, - депті әйел жылап отырып.

- Балаң қанша жаста еді, қарағым? - деп сұрайды Нұх пайғамбар.

- Балам 280 жаста болатын.

- Уа, қалқам-ау! Ақырзаманның адамдары бар жоғы 80-90 жас қана өмір сүретін болады. Ал сенің балаң оларға қарағанда өте көп өмір сүрген ғой, - дейді Нұх пайғамбар.

Әйел:

- Олар соншалықты қысқа өмірлерінде үйлер соғып, ғимараттар тұрғыза ма? - деп сұрапты.

Нұх:

- Иә, әрине, соққанда қандай! Біздікіден де керемет, біздікіден де биік-биік үйлер тұрғызатын болады, - депті.

Әйел таңданып:

- Олардың естері дұрыс па? Болмайтын 80 жылдық қысқа өмір үшін соншама үйлер тұрғызып, соншама дүниеге берілудің оларға не керегі бар? Одан да қысқа сәттерінде бір шатыр құрып, уақыттарын күні-түні құлшылықпен өткізбей ме?! - деген екен.

Мың жыл өмір сүретін адам үшін 80-90 жыл дегеніңіз, 80-90 күнмен тең шығар. Мысалы, 80-90 күнің ғана қалды деген пенде күндіз түні құлшылыққа беріліп, ақыретіне әзірленетіні анық қой. Сондықтан да, хикаядағы әйелдің сөзін сол жөнінен түсінгеніміз жөн.

Хикая бізге не айтқысы келеді? Хикая бізге, қамшының сабындай қысқа болған өмірде дүниенің соңынан қуып, дүниеқоңыз болуға, кісінің ақысын жеуге, кісінің ала жібін аттауға, біреудің көңілін қалдыруға, күнәға белшеден батып, Құдайға қарсы келуге т.б. сол сияқты қысқа өмірге алданып, мәңгі өмірін жоғалтып алуға болмайтындығын ескертуде. Оның орнына барынша артында жақсы із қалдырып, құдайға жақсы құл бола білуге, халқына, адамзатқа пайдасын тигізуге талпынғаны жөн екендігін еске салуда.

Алла Тағала өмірлеріңізді баянды етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Нұғман Тұрғын

0 пікір