Бір жолаушы жігіт ел аралап жүріп, бір әулие кісінің үйіне бас сұғады. Әлгі әулие өте жұпыны тұрады екен. Соған көңілі толмаған жігіт әулиенің соншалықты даңқты бола тұра, дүние жинауға икемсіздік танытқанына қынжылыс білдіріп, дүние жинай алмауының мән-жайын сұрайды. Сонда әулие «Сенің де жинаған дүниең көрінбейді ғой» дейді. «Мен жолаушымын» дейді жігіт. Сонда әулие «Мен де жолаушымын» деген екен.
Иә, бәріміз де жолаушымыз. Бірақ «Түстік өмірің болса, кештік дүние жина» деген бар емес пе?! Оның үстіне бұл әлемнің атының өзі – дүние. Алайда біз ол мәтелдің мәнін жете түсіне бермейміз. Біз нені болса да осы дүниемен байланыстыра қарастырамыз. Айтылған дүниенің ақырет азығы екендігін тіпті қаперге де алмаймыз. Болмаса түстік өмірі қалған адам бұл әлем дүниесіне мойнын бұрушы ма еді?! Имам Раббани «Бұл дүние еңбек ететін жер, жалақы о дүниеде беріледі» дейді. Сахабалар үйінде басы артық бір зат болса «дүниеге мойын бұрып кеттім» деп жылайды екен.
Алайда біз қаперге салған мәселелер дүниеден бас тарту қажеттілігін білдірмейді. Ибраһим, Сүлеймен пайғамбарларға біткен дүние қазіргі миллионерлер өлшемі деңгейіне үйлеседі. Алайда олар дүниесі екеуінің ақырет дүниесін жинауына қызмет етті. Сондықтан дүниенің адам мүмкіндігіне жол ашатындығын жоққа шығаруға болмайды. Тек оның қандай «мүмкіндік» екендігіне мән берсек болды. Ең басты түсінік – сенде де түк жоқ, тақыр кедейде де түк жоқ. Сендегі «бар», иә, ол – Алланыкі. Себебі... Дұрыс. Жолаушымыз.