«Намазды қалай жүрекпен оқуға болады?» деген сұраққа Хәтим Асамның айтқаны
«Намазды қалай жүрекпен оқуға болады?» деген сұраққа Хәтим Асамның айтқаны
3 жыл бұрын 7915

Әбу Абдуррахман Хәтим ибн Ъунуан әл-Асамм әл-Бәлһи, миләди жыл санауы бойынша 9 ғасырларда Хорасан аймағында өмір сүрген алғашқы білікті сопылардың бірі. Мәуренахр аймағына сопылықтың «тәуәкелшілік тәлімі» басым мектебін жаюшылардың бірі саналады. Өзі шариғат ілімдерін жетік білген, хадис тағылымын алған ғалым. Өте тақуалығымен, дінге беріктігімен белгілі. Көбіне Ислами әдебиеттерде «Хәтимуль Асамм», яғни, «Саңырау Хәтим» деген лақап атымен танымал.

Бір күні замандасы Ъасам ибн Юсуф деген кісі Хәтимнен:

- Намазды жүрекпен, көркем түрде оқисыз ба? – деп сұрайды.

- Иә. – деп жауап береді Хәтим.

- Ол қалай? – дегенде,

Хәтім:

- Намаз уақыты жақындағанда дәретімді толықтай аламын. Кейін намаз оқитын жеріме келіп, бүкіл ағзам орныққан күйі түп-түзу тұрамын. Көз алдымда Қағба тас, көкірек тұсымда «мақаму Ибраһим», аяғым сырат көпірінің үстінде, оң жағымда пейіш, сол жағымда тозақ, өлім періштесі (Әзірейіл періште) артымда тұр деп елестетемін. Оқиын деп тұрған намазымды ақырғы намазым деп ниет етіп оқимын. Хүшуъпен (жүрекпен) Аллаһу әкбар деп тәкбір аламын. Толғанып қырағат қыламын. Кішіпейілділікпен бойсұнған халде рүкуғ жасаймын. Жалбарынған адамша сәждеге барамын. Кейін толықтай қағдаға отырамын. Үміт пен қорқыныш арасында «тәшәһһуд» дұғасын оқимын. Сүннет бойынша оң жағыма сәлем беремін. Сол жағыма ықыласпен сәлем беремін. Кейін үміт пен қорқыныш арасында болған күйі орнымнан тұрамын, - деп жауап береді.

Ъасам ибн Юсуф таң қалып:

- Намазыңызды расында да осындай халде оқисыз ба? – деп сұрайды.

- Иә, намазымды осылай оқимын, - дейді ол.

- Қанша жылдан бері осылай оқып келесіз, - деп сұрағанда,

- Отыз жылдан бері осылай оқып келемін, - деп жауап береді Хәтим.

Сонда Ъасам көзіне жас алып:

- Мен бірде-бір намазымды бұлай оқымаппын, - деген екен.

Хәтим Асамның намазға деген ынтызары мен іңкәрлігін түсіндірер мынадай бір оқиғаны да кітаптарда әңгімелейді:

Күндердің бірінде Хәтим жамағат намазын жіберіп алып, соған қатты жылап, қайғырады. Оның намазға берген маңыздылығын түсінген бірен-саран достары келіп, көңіл айтады. Сонда Хәтим жамағатпен оқи алмаған намазы үшін аз адам ғана көңіл айтып келгеніне ренжіп:

- Егер ұлымның бірі қайтыс болғанда Бәлх жұртшылығының жарымы көңіл айтып келер еді. (Бәлх - Ауғанстанның солтүстігіндегі бір қала). Жамағат намазын жіберіп алған едім, бірлі-жарым достарым ғана келді, - дейді де артынан сөзін жалғап:

- Балаларымның бәрі қайтыс болар болса, олардың қайғысы мен үшін – жамағат намазын жіберіп алғанның қайғысынан жеңіл болар еді, - деген екен[1].

Риуаяттарға қарағанда Әзіреті Әли (р.а.) намаз уақыты келгенде тұла бойы діріл қағып, бетінің түсі өзгереді екен. Оның бұл күйі жайында сұрағанда, Ол (р.а.): "Алла Тағала көктер мен жерге ұсынған аманаттың уақыты келді. Ол аманатты жер мен көк мойнына алудан бас тартты, оның жауапкершілігінен қорықты. Бірақ адам баласы ол аманатты өз міндетіне алған еді. Енді аманат етіп алған намазды кемшіліксіз, көркем түрде өтей аламын ба, жоқ па, соны білмеймін, соған қайғырамын" - деп түсіндірген екен. 

Намаздың маңыздылығын ұғынған кісілердің осындай күй кешулеріне қарап, біздің оқып жүрген намаз намаз ба, деген сауал еріксіз ойға келеді. Алла Тағала намазын көркем түрде оқитындардан етсін! Әмин.

А. Қасым.


[1] Әбу Ләйс Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». 407 бет.

0 пікір