Қайс ибн Хажжаж (р.а.) былай деп әңгімелейді:
«Ол кезде сахаба Амр ибн Ас бастаған мұсылман қолы Мысырды алған болатын. Мысырлықтар жылдағы дәстүрін өткізбек болып, жергілікті халық Амр ибн Астың құзырына келіп:
– Ей, қолбасшы! Біздің Ніл өзеніне байланысты жыл сайын өткізетін дәстүріміз бар. Егер оны орындасақ, Ніл өзені арнасынан асып, жерімізге құт сыйлап, кеңшілік танытады, – деді. Сахаба Амр ибн Ас бұл дәстүрдің мән-жайын сұрағанда, олар:
– Осы айдың он екісінде әке-шешесінің разылығымен бір бойжеткен қызды малындыра киіндіреміз және үстіне иіс су сеуіп, Ніл өзеніне тастаймыз, – дейді.
Бұл сұмдықтан жаны түршіккен Амр ибн Ас:
– Бұл дәстүр - Исламға қайшы. Ислам өзінен бұрынғы соқыр сенімдердің барлығының тамырына балта шапты, – деді.
Егіннің бітік шығуы, өнімнің мол болуы Нілдің арнасынан асып-тасуымен байланысты болғандықтан, Мысыр халқы маусым, шілде және тамыз айларында өзеннің тасуын күтті. Бірақ ондай өзгеріс байқалмады (Ніл асып-тасымады). Күдерін үзген былайғы жұрт күнкөріс қамымен сулы, нулы жер іздеп, көшуге қамдана бастады.
Амр ибн Ас осы оқиғалардың бәрін жіпке тізгендей етіп жазып, Омарға хабар жіберді. Хазірет Омар:
– Ислам діні өзінен бұрынғы жаман әдет-ғұрыптардың көзін жойғандығын айтып, дұрыс шешім қабылдапсың. Мен саған бір жапырақ қағаз жіберемін. Қолыңа тиісімен оны дарияға таста, – деп жауап жазып жіберді.
Амр ибн Ас, Омар жіберген бір жапырақ қағаздан мынаны оқыды:
«Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі – Омардан, Мысыр халқының өзені - Нілге!
Ей, Ніл! Тасуың да, тасымауың да өз қолыңда болса, еркің білсін. Ал, егер сен өз арнаңнан құдіреті шексіз Алла Тағаланың қалауымен ғана таситын болсаң, онда мен Одан (Алладан) сенің арнаңнан асып, өз берекетіңді халыққа беруіңді жалбарынып сұраймын» - делінген екен қағазда.
Амр ибн Ас, қағазды өзенге мысырлықтардың дәстүрлі ғибадат күнінен бір күн ерте тастады. Ал бұл кезде жергілікті халық Мысырды тастап кетуге тас-түйін дайын отырған болатын. Олардың «ғибадат» күні келіп жеткенде, Нілдің суы арнасынан асып, тасып жатты. Осылайша олардың бұл сұмдық дәстүрлерінің де түбіне балта шабылды»[1].
«Сахабалар салған сара жол».
[1] Ибн Касир, Тафсир кітабы, 3/464