Мүбәрак күйеу бала
Мүбәрак күйеу бала
8 жыл бұрын 5374
Құдайберді БАҒАШАР

Ертеде Мәрв қаласының қазысы бойжеткен қызына жар іздепті. Хабар елден-елге тарап, құда түсушілердің саны күннен-күнге артса керек. Бірақ, неге екенін, айттырушылардың ешқайсысына қазының көңілі толмапты. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көріпті. Түсінде қызының теңі есігінде жүрген Мүбәрак деген құл екендігі аян болыпты. Түсті қатарынан бірнеше рет көрген соң лажсыз құлын ары-бері сынапты. Сенімді, салиқалы екеніне көз жеткізгеннен кейін қызын ешкімнің қарсылығына қарамастан құл да болса соған некелеуді ұйғарыпты. 

Арада бір айдан аса уақыт өтеді. Бір күні қазы қызының қал-жағдайын біліп қайтайын деп жас жұбайлардың үйіне барыпты. Оңаша әңгіме барысында қыз күйеуінің өте жақсы кісі екенін, алайда осы уақытқа дейін қасына әлі жақындамағанын білдіреді. Қазы дереу күйеу баласын шақыртып, істің мәнісін сұрайды. Жігіттің жауабын естігенде, қазының еріксіз көңілі босапты. Қызын нағыз өзі арман еткен жігітке қосқанына көзі жетіп, Аллаға мың мәрте шүкіршілік айтыпты. Атасының сауалына күйеубаласы: «Қаланың атақты биі болғандықтан сізге келіп-кетушілердің көп екендігі белгілі. Сыйлықтар мен сый-сияпаттар да әкеліп жатады. Сол сый-сияпаттардан қызыңыз аңдаусызда дәм ауыз тимеді ме екен деген ой келді. «Харам ас жесең, оның әсерінен қырық күн өтпейінше толықтай арылмайсың» дегенді хадистерден оқып едім. Сол үшін қымбатты жұбайымды алдымен қырық күн өз маңдай теріммен тапқан адал табыспен асырағанды жөн көрдім. Сонда ғана Алла тағаланың нәсіп етер ұрпағы ертең иманды, көргенді болар деп үміт еткен едім», деп жауап берген екен.

Кейіннен осы шаңырақта дүниеге келген Абдуллаһ ибн Мүбәрак өскенде беделді ғалым әрі әулие кісі болыпты.

Бір ескерте кетерлігі, біз бұл жерде ерлі-зайыптылар осылай міндетті түрде қырық күн тазару керек деген ой айтудан аулақпыз. Өйткені, бұл шариғат белгілеген нәрсе емес. Тек бұрынғы тақуа мұсылмандардың қайырлы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы барған қадамдары ғана. Бәлкім, осы ғибратты әңгімелер біздің де бала тәрбиесіне деген жауапкершілігімізді арттырар.

1 пікір