Омардың (р.а.) риуаяты бойынша күндердің бір күнінде әлдебір бәдәуи Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) мал-мүлік сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә саллам) «Қазір қолымда ешнәрсе жоқ. Бірақ, сен менің атымнан өзіңе қажеттіні ал. Ақысын өзім төлеймін» деді. Бұған төзе алмаған Омар (р.а.): «Уа, Расулаллаһ! Сізден сұраған кезде бердіңіз. Жарайды ол кезде қолыңызда бар еді. Қазір қолыңызда жоқ. Аллаһ тағала қолыңызда жоқ нәрсені тауып бермегеніңіз үшін жауапқа тартпайды ғой!» деді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Омардың (р.а.) бұл сөзін ұнатпады. Осы кезде ансарлық сахабалардың бірі: «Уа, Аллаһтың елшісі! (Аллаһ үшін) беріңіз! Ғарыштың иесі сізді аш қалдырмайтыны өзіңізге аян» деді. Пайғамбарымыз бұл сөзді естігенде «Менің міндетімді дұрыс аңғардың, Жаратқан мені осы мақсатпен жіберді» деп жадырап сала берді.[1]
[1] Ибн Кәсир, әл-Бидая, 6/56