Бір бейшара құс аушының айласына алданып, оның құрған тұзағына түсіп қалады. Содан құс өзін ұстаған аушыға: «Уа, тақсыр! Сен өміріңде қаншама қой етін, қаншама сиыр етін жедің. Бірнеше рет құрбандыққа түйе шалған да шығарсың. Олардың еттеріне тоймаған сен, менің етіме мүлдем тоймайсың ғой. Одан да мені босат, егер, мені бостандыққа жіберсең, саған үш өсиет айтамын. Үш өсиеттің бірін сенің қолыңда тұрып айтамын. Екіншісін мына шатырдың үстінде айтамын. Ал, үшіншісін анау ағаштың төбесіне қонғанда айтамын. Ол үш ақыл-кеңесті естігеннен кейін өте бақытты боласың. Маған сен» - деп сайрай жөнеліпті. "Құс не айтар екен" деп, аушы ұсынысты қабыл етіпті. Ол оны қапастан шығарып, қолында ұстап тұрғанда:
«Болуы мүмкін емес нәрсені кім айтса да сенуші болма» - деп құс бірінші өсиетін айтыпты. Құстың айтқан кеңесін ұнатқан аушы қалғандарын да естиін деген ниетпен құсты жіберіпті. Құс ұшып үйдің шатырына қоныпты да:
«Жіберіп алған мүмкіндік үшін қайғыланба» - деп екінші өсиетін айтыпты.
Екінші өсиетін айтқаннан соң ұшып ағаштың бұтағына барып қоныпты. Бірақ үшінші өсиетін айтпастан бұрын құс төменде тұрған аушыға: «Ішімде 10 дирхам ауырлығында (320 граммдай) өте қымбат інжу тасы бар. Ол інжу тасы сені де, бала-шағаңды да байытатын еді. Әттең, саған бұйырмаған екен» - дейді. Құстың ол сөзін естігеннен кейін аушы ойбайлап, толғағы қысқан әйелдей бақыра бастапты. Сонда құс оған:
«Мен саған жіберіп алған мүмкіндік үшін қайғыланба деп жаңа айттым емес пе?» - депті. –«Уысыңнан інжу тасы кеткен екен, енді неге қайғырып тұрсың? Саған айтқан өсиеттерімді түсінбедің бе? Саған жаңа айттым ғой: «болуы мүмкін емес нәрсені кім айтса да сенуші болма» деп. Менің салмағым үш дирхамға жетпейді. Қалайшы асқазанымда 10 дирхам ауырлығында інжу болуы мүмкін?» - деп ескерту жасапты.
Құстың бұл сөзінен кейін біраз өз-өзіне келген аушы адам:
- Жарайды, енді үшінші өсиетіңді айтқын» - депті. Сонда құс оған:
- Алдынғы екі өсиетке құлақ асқандай үшіншісін сұрап тұрсың ғой. Ұйқыға кеткен адамға өсиет айтып, үгіт-насихат жасау – құнарсыз жерге дән себумен тең. «Ақымақтық пен надандық жыртығы - жамау ұстамайды» депті де ұша жөнеліпті.
Мәуләна Ж. Руми, «Мәснәуи Шәриф».
Хикаяны аударған: А. Қасым
«Мәснәуи кітабы – шөлдеген адамның шөлін қандырар тәңірдің көл-көсір бұлағы іспетті». Мұхаммед Иқбал.