Күнәдан аулақ бол
Күнәдан аулақ бол
10 жыл бұрын 4648

Жас шәкірт

Бір ұстаздың жас шәкірті болыпты. Ұстаз оған айрықша сый жасап, басқалардан артық санайтын. Шәкірттерінің кейбіреулері: «Біз одан ересек болсақ та неге оны айрықша өбектейсіз?» деп наразылық танытады. Сонда ұстаз бірнеше кұс алдырып, әрбір шәкірттеріне бір-біреуден беріп: «Әрбірің ешкім көрмейтін жерге барып, құстарды бауыздап маған әкеліңдер!» дейді. Сүйікті шәкіртіне де бір құс пен пышағын беріп басқаларға айтқанын оған да айтты. Өзге шәкірттерінің барлығы қолдарындағы құстарын бауыздап ұстазына алып келді, ал жас шәкірт құсын бауыздамай қайта алып келді. Ұстаз оған: «Басқа жолдастарың секілді сен неге құсты бауыздап әкелмедің?» деп сұрайды. Сонда ол: «Ешкім көрмейтін жерді таба алмадым. Өйткен Алла мені барлық жерде көріп тұр!» деп жауап қатады. Өзге шәкірттер бұл сөзді естіп таңырқап ұстазына: «Сіздің жас шәкіртіңіз бұдан да мол сый-сыяпатқа лайықты екен» дейді.

 

Ілімге құштарлық

Әбу Ханифаның шәкірті имам Әбу Юсуф ауырып, есінен танып жатқан кезінде Ибраһим ибн әл-Жаррах оның жағдайын сұрай келеді. Сонда ғалым есін жиып былай деген: «Сен алдында менен қандай мәселе жайында сұраған едің?». Ибраһим ибн әл-Жаррах: «Осы халіңізде үйретпекшісіз бе?» – деп, науқасты тынышталдырмақ болады. Имам: «Ол мәселе жайында пікір алысқанымызда тұрған ештеңе жоқ, бәлкім осының себебінен бір кісі құтылар», – деді. Сонан соң ол: «Әй, Ибраһим! Жерде тұрып оқ атқан абзал ма, жоқ әлде атқа мініп тұрып атқан ба?», – деді. Ибраһим: «Атқа мініп тұрып атқан», – дегенде, ол: «Қателестің», – дейді. Кейін Ибраһим: «Жаяу тұрып атқан абзал», – деп едім, тағы да қате, – деді. Кейін өзі: «Егер ататын заты бір орында тұрса, жаяу тұрып атқан дұрыс, ал егер ататын заты қозғалыста болса атқа мініп тұрып атқан абзал», – деді. Мен содан кейін орнымнан тұрдым. Қоштасып, сыртқа шығып бара жатқанымда, іштегілердің жылаған дауыстарын естідім. Сол кезде ол кісі жан тәсілім еткен еді.

 

Күнәдан аулақ бол

Бір күні әкесі күнәлардың зардабын ұлының көзіне көрсету үшін былай деп ұсыныс айтады:

– Балам, бір жамандық жасап қойсаң, бақшадағы ағашқа бір шеге қақ. Ал егер бір жақсылық жасасаң, әлгі шегені суырып ал. Сөйтіп жасаған жамандық пен жақсылықтарыңды салыстырып көр.

Баласы әкесінің айтқанын екі етпей, сол күннен бастап бақшадағы ағашқа кейде шеге қағып, кейде оны суырып алып жатады. Бірақ бала жақсылық жасап, әлгі шегені суырып алса да, орны тесік болып қала беретінін байқайды. Сонда әкесі:

– Көрдің бе, балам. Күнә жүрекке қадалған шеге секілді. Оны қанша жуып-шайсаң да орны дақ болып қала береді. Ақырында жүрегіңді жаралайды. Сондықтан күнәдан аулақ бол, – деген екен.

0 пікір