Күлекеш адамға Хасан Басридің айтқаны
Күлекеш адамға Хасан Басридің айтқаны
5 жыл бұрын 5233

Алланың шынайы құлдарынан әулие Хасан Басри (радияллаһу анһ) бір күні жолда кетіп бара жатып, қылжақпас күлекеш адамды жолықтырады. Табиғин ғалым Хасан әл-Басри одан:

- Ей, туысқан! Сират көпірінен аман-есен өттің бе? – деп сұрайды.

Әлгі адам:  

- Жоқ, - деп жауап береді.

- Ендеше, тозақтан аман қалып, пейішке кіретініңді нақты білген болып тұрсың ғой, солай ма?  – деп тағы сұрайды Хасан Басри.

- Жоқ, ол жағын білмеймін, - деп жауап береді. Сол кезде Хасан Басри рахматуллаһи алейһи оған:

- Алла жақсылығын берсін! Онда неге сонша көңілдісің? Қиямет күнінің тым қатал екендігін ұмытпағын! – деген екен.

****

Фудайл ибн Аяз рахимаһулла «Адамдарға насихат ретінде, өлім жеткілікті» деген хадисті[1] жиі айтып жүреді екен. Бір күні одан бір адам насихат айтуын сұрайды.  Сонда Фудайл ибн Аяз оған:

- Әкең тірі ме? – деп сұрайды. Ол адам:

- Жоқ, қайтыс болған, - деп жауап береді.

- Олай болса, әкеңнің өлімі саған насихат ретінде жетпей ме?! – деген екен Фудайл.


[1] Имам Хайсәми: «Мәжмауз-зауайд». Х, 308. Бәйрут-Ливан.

0 пікір