Кешіру де зор сауап
Кешіру де зор сауап
8 жыл бұрын 7829
Құдайберді БАҒАШАР

Сахабалардан Хазіреті Әнас әңгімелеуде:

   Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.а.у.) бірге отырғанбыз. Әлден уақытта тісі көрінетіндей ғана сәл жымиды. Себебін сұрағанымызда былай түсіндірді:

   О дүниеге барғанда үмметімнен екі кісі Алла Тағаланың құзырына әкелінеді. Біреуі екіншісін көрсетіп:- Я, Рабби, менің мына пәленшеде кезінде ақым кеткен, сол ақымды алып бер,- деп өтінеді.

Алла Тағала: - Ей, пәленше, ақысын өзіне қайтар,- дейді.

    Жеген ақысы үшін өз сауаптарынан бөліп берген екіншісі:- Я, Алла Тағала! Менің сауаптарымнан ештеңе қалмады ғой? - дегенде Алла Тағала бірінші адамға қарап: - Қарашы, мынаның сауабынан дым қалмады, бұған не дейсің?- деп сұрайды. Сонда бірінші адам: «Олай болса менің күнәларымнан өзіне алсын», - дейді.

   Дәл осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыздың көзі жасаурады. Сөйтті де: «Ол күн – аса бір зор күн болмақ. Адам өз күнәсінің алынғанын қалайды» деді де, сөзін ары қарай жалғастырды:

   Сол кезде Алла Тағала ақысы кеткен адамға:- Басыңды көтер де Жұмаққа қара!- деп дауыстайды. Сонда бірінші кісі: - Я, Алла Тағала! Алтынмен апталған, күміспен күптелген, жібекпен тоқылған небір сән-салтанаттарды көріп тұрмын. Бұған қай пайғамбарлар мен әулие-шейіттер ие? - деп сұрайды.

   Алла Тағала:

- Бұлар маған өтемін төлегендер үшін,- деп жауап береді.

- Бұлардың өтеуін қайтіп төлейді?- деп сұрайды адам.

- Қаласаң бұған сен де ие бола аласың,- деп жауап береді Алла Тағала.

- Қалайша?- деп таңырқайды адам. Сонда Алла Тағала:

- Сен егер ақың кеткен қасыңдағы мына жолдасыңды кешірер болсаң,- деп жауап береді.

- Олай болса мен оны кешірдім,- деп жауап береді әуелгісі.

- Ендеше жолдасыңды ал да, екеуің де Жұмаққа барыңдар!- деп бұйырады Алла Тағала.

   Сөйтті де Пайғамбарымыз(с.а.с.):

«Алладан қорқыңдар! Алладан қорқыңдар да сендер де араларыңды түзеңдер! Қараңдаршы, Алла Тағаланың өзі мүміндердің арасын жарастырып тұрған жоқ па?!»,- деді.  

    

0 пікір