Кәпір адамның жаны қалай алынады?
Кәпір адамның жаны қалай алынады?
5 ай бұрын 2439 islam.kz/

Имам Ахмед, Ибн Мәжә, Нәсәи сынды хадисші ғұламалардың хадис кітаптарында келтірген бір риуаятта, мүмін мен кәпірдің жанын алу сәті әңгімеленеді. Мүміннің жанының жеңіл алынып, ал қабірі кең және жарық болатындығын білдіргеннен соң, Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кәпір боп өткен пенденің жаны шығар кездегі халі мен қабірдегі жағдайын былай деп әңгімелейді:

«Ақыретке жақындап, дүниедегі дәм-тұзы үзілер сәті жақындаған кәпір пендеге аспаннан жүздері қара, өздерімен қапшық алып алған періштелер түсіп, одан көз жетер ұзақтықта отырады. Сосын өлім періштесі келіп, оның бас жағына отырады да, оған:

- «Ей, лас жан! Алланың қаһары мен ашуына шық!» – дейді. Сонда жан оның барлық дене мүшесіне тарап кетеді де, суланған жүннен істік суырылғандай суырылады. Бұл кезде тамырлар мен сіңірлер үзіледі. Олар оны алып, көзді ашып-жұмғанша қолдарында ұстамай, дереу сол қапшық салады. Одан жер бетіндегі өліктің ең сасық иісі шығады. 

Олар оны алып жоғарыға көтеріледі. Олар қандай да бір періштелер тобының қасынан өтсе де: «Мынау қандай лас рух?» – дейді. Олар: «Пәленшенің ұлы пәленшенің рухы», – деп, оның дүниедегі ең жаман есімімен атайды. Онымен дүние аспанына жеткенше көтеріледі де, дүние аспанының есігін ашуын сұрайды, бірақ оған есік ашылмайды».

Сосын Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына аятты оқыды: «Расында, оларға аспан есіктері ашылмайды және түйе иненің көзінен өтпейінше, олар жәннатқа кірмейді» (Ағраф сүресі, 40-аят). 

«Сосын Алла Тағала айтады: «Оның кітабын Сижжинде (тозақтың бір түрі) жазыңдар!» – дейді. Сосын оның жаны жерге лақтырылады» деді де Пайғамбар мына аятты оқыды: «Кім Аллаға серік қосса, ол аспаннан құлап, оны құстар іліп әкеткендей немесе жел оны алыс жерге лақтырғандай болады». (Хаж сүресі, 31-аят). 

«Оның жаны денесіне қайтарылады. Оған екі періште келіп, оны отырғызып қойып:

- «Раббың кім?» – дейді.

Ол: «Аһ, білмеймін», – дейді.

Олар: «Дінің не?» – дейді.

Ол: «Аһ, білмеймін», – дейді.

Олар: «Араларыңнан таңдалып пайғамбар қылып жіберілген мына кісі (Мұхаммед пайғамбар) туралы не айтасың?» – дейді.

Ол: «Аһ, білмеймін», – дейді.

Сонда аспаннан бір жаршы: «Құлым өтірік айтты. Оған оттан төсеніш төсеңдер және оған тозаққа қарай бір есік ашыңдар!» – деп жар салады. Оған тозақтың ыстығы мен ыстық лебі келеді. Оның қабірі тарланып, қабырғалары бір-біріне кіріп кетеді. Сосын оған жүзі ұсқынсыз, киімі жаман, үсті сасық бір кісі келіп:

«Саған неткен жаман хабар бар! Бұл – саған уәде етілген күн!» – дейді.

Қабірдегі кәпір: «Сен кімсің?» – дейді.

Әлгі кісі: «Мен сенің жаман ісіңмін», – дейді.

Сонда ол (кәпір): «Раббым, Қияметті болдырма! Раббым, Қияметті болдырма!» – дейді.

Алла тағала мүмін-мұсылман болып жан тапсыруды жазсын!

0 пікір