Ерте заманда елдің шетінде, желдің өтінде, айшылық алыс жолдың бойында шағын ауыл өмір сүріпті. Ауылдың азаматтары арыстай, қыздары ай маңдайлы ару екен.
Олай-бұлай өткен керуендер бұл ауылдың ынтымақ-бірлігіне, тату тірлігіне қызыға қарап, тамсана әңгімелейді екен.
Содан күндердің күнінде ауылдың шетіне жын-шайтанмен шатыс арам пиғылды дию келіп қоныпты. Шайтан шатыс дию күнде келіп ауылдың бір қызын тартып алып, жеп кетеді. Ауыл ақсақалдары қатты дағдырып, не істерін білмей қиналады.
Сол сәтте, бір жігіт ортаға шығып: «Қадірлі халайық, береке-бірлігіміз бұзылмаған ел едік, ел шетіне жын қонып, шаңырағымыз шайқала бастады. Егер де, ақсақалдар батасын беріп Ұлы Жаратушы Ием қолдаса, мен «Алланың ризашылығы үшін» жын-шайтанмен күресейін» дейді.
Халықтың бәрі жиналып құдайдан медет тілеп жігітті аттандырады. Жігіт келген бойда «Аллаһу әкбар» деп шайтанның жағасынан ала кетеді. Күні бойы күресіп, түс ауғанда дию жын әлсірей бастайды. Жігіт жынды қылқындырып, аузынан ақ көбігін ағызады.
Дию-жын айтады: «Сен мені жеңдің, құлың болайын өлтірме» дейді. Жігіт оны босатады. Сол күннен бастап ол ауылдың ала жібін аттамайтын болып, күн сайын жігітке 20 ділдә төлеп тұратын шарт жасайды.
Осылай өмір өтіп жатады. Жігіт дию берген ақшаларды жинап байып кетеді. Ара да бірнеше жыл уақыт өтеді. Бір күні жігіт таңертең оянып жастығының астына қолын созса, дию күнде әкеліп тастайтын 20 ділдәсі жоқ.
Ашуланған жігіт атып тұрып жынға жетіп келіп: «Ей, албасты ділдә қайда?» дейді. Жын болса енді ділдә бермейтіндігін жеткізеді. Жігіт атынан секіріп түсіп екеуі ұстаса кетеді. Бұл жолы дию-жын жігітті екі бүктеп астына салып алады. Алқымын сығып, жанын мұрнының ұшына әкеледі.
Жігіт аң-таң болып жеңілгенін мойындайды. Жынның шартын тыңдайды. Ол айтады: «Сен ауылыңды бастап мына шұрайлы жерден көшіп, көз көрмейтін алысқа кет. Әйтпесе, бәріңді жеп құртамын!» дейді.
Жігіт оның шартына амалсыз келісе отырып, былай дейді: «Өткенде мен сені жеңіп едім ғой, бұл жолы қалайша сен жеңіп кеттің?». Сонда дию былай депті: «Өткенде сен «Алланың ризашылығы үшін» деп айқастың, Алла саған шын риза болып, күш-қуат сыйлады. Бұл жолы ділдә үшін нақтырақ айтқанда, дүние үшін менімен күрестің. Сенің жеңілген себебің осы!».