Баяғыда, Ирак елінде бір адам өмір сүріпті. Бір күні ол, қар мен аяз қысып тұрған биік тауларға барып, жылан іздемек болады. Мақсаты – тауып алған жыланды елге әкеліп, жұртқа көрсетіп, сонымен ақша табу. Қараңғылау болған бұл кісі – тау-тасты кезіп жүріп, ақыры сұсты, алып анакондаға тап болады. Аяздан қатып қалған анаконда қимылсыз жатты, сондықтан әлгі адам оны өлдіге санап, матаға орап, жіппен байлап, төмен – қалаға алып түседі.
Қалаға жеткен соң, жұртқа жар салып айғайлайды:
«Көріңдер!» деп айқайлайды ол қала тұрғындарына, «Қандай қиындықпен, көп іздеп жүріп, таулардан не әкелгенімді көріңдер! Мен өлтірген осы сұмдық, айбарлы айдаһарды келіп көріңдер!»
Халық үймелеп, таңырқай қарап, тамашалап жатты. Жақыннан да, алыс ауылдардан да адамдар жиналып, бұл керемет көрініске куә болмаққа ұмтылды. Барлығы бір-бірімен иық тіресіп, басын созып, «мынау қандай құбыжық!» деп, өлді деген айдаһарды тамашалап жатты.
Бірақ, қалада күннің қызуы арта бастайды. Күн шуағы күшейіп, жылу тарала бастағанда, жыланның да бойындағы мұз ери бастады. Сөйтіп, о баста өлді деген айдаһар – тірі боп шықты. Ол тек тоңып қатып қалған екен. Күннің қызуымен денесі жылынған айдаһар қозғала бастайды. Жіптерді үзіп, орамды жыртып, орасан алып денесімен ұйқысынан оянғандай құтырынып кетеді.
Жұрт үреймен жан-жаққа қаша жөнеледі. Халық бірін-бірі таптап, жан сақтап қашуға тырысады. Ал айдаһар болса, жолында тұрғанды жұтып, ақыры өзін алып келген әлгі адамды да тірідей орап алып, сүйектерімен қоса шайнап, жеп қояды.
Осылайша, өзіне байлық пен атақ әкелмек болып алып келген мақұлық – оның түбіне жетеді.
Түсіндірмесі:
Бұл хикаяда жылан ұстаушы – адам баласының өзі. Адам – рухани кемелдікке, білімге, хақ жолына ұмтылатын жаратылыс. Бірақ кейде дүниелік атақ пен байлыққа қызығып, өз бойындағы нәпсі-жыртқышты дос етіп алады. Ол хикаяда жылан бейнесінде суреттелген. Айдаһар – адамның нәпсісі мен құмарлығының символы: тойымсыздық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық секілді.
Адам оны «өлді» деп ойлайды – яғни, «мен нәпсімді жеңдім» деп сенеді. Бірақ шын мәнінде, нәпсі тек уақытша ұйықтаған, жағдайға байланысты тынышталған. Ол – суық тау, яғни рухани тәрбиемен, ғибадатпен, тақуалықпен әлсіреген. Егер оған қайта дүниеқұмарлықтың, нәпсінің сәулесі тисе – ол қайта тіріліп, адамның рухын да, жанын да жалмайды.
Қандай мықты жіптермен (түзу ниет, сыртқы тәртіп, көркем мінез) байласа да, ішіндегі нағыз "айдаһар" оянып кетсе – бәрін үзіп, ақырында өз қожайынын жояды.
Румиден ғибрат хикая