Жәннаттық адам
Жәннаттық адам
9 жыл бұрын 5125

Әнәс ибн Малик (р.а.) әңгімелеуде:

«Бір күні Пайғамбарымыздың құзырында отырған болатынбыз. Кенет ардақты елші: «Қазір араларыңызға жәннаттық бір кісі келеді», – деді. Сол-ақ екен ансардан бір адам ішке енді. Әлгі адамның сақалынан су тамшылап тұрған болатын. Аяқ киімін сол қолына ұстаған екен. Келесі күні Алла елшісі осы сөзін тағы да қайталады. Әлгі адам дәл кешегі кейіпте тағы да арамызға келіп қосылды. Үшінші күні де айтып ауыз жиғанша, сол кісінің төбесі көрінді. 

Үшінші күні мешіттегі жамағат тарағанда, сахаба Абдулла ибн Амр ибн Ас (р.а.) әлгі кісіге жолығып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып, үш күн бойы жанына бармайтындығыма ант еттім. Сол себепті мені үш күн үйіңде қонақ ете аласың ба?», – деді. Әлгі кісі мақұлдаған кейіп танытты. 

Абдулла осыдан кейінгі жайтты былай деп баяндаған:

«Әлгі кісінің үйінде үш күн түнедім. Түнгі уақыттарда бір рет те болсын тәхәжжуд намазына тұрған жоқ. Таң намазына дейін ұйықтайтын. Тек төсегінде ары-бері аунағанда ғана Алланы еске алып, тәкбір айтып қоятын. Бірақ аузынан жаман сөз шыққанын естімедім. Үш түн біткесін: «Әкеммен арамда қандай да бір реніш жоқ болатын, Алла елшісі мәжілісте үш күн бойы «қазір жәннаттық бір кісіні көресіздер» деген сайын арамызға сен келіп қосылдың. Мен саған әдейі қонақ болып, жасаған амалдарыңды көріп, сол амалдарды жасағым келген еді. Шынын айтсам, соншалықты көп ғибадат жасағаныңды байқамадым. Алла елшісі сүйіншілеген бұл мәртебеге қалай жеттің?» – деп сұрадым. Ол болса: «Өзің көргеннен басқа құлшылығым жоқ», – деп жауап қатты. Сөйтіп қоштасып бұрылып кете бергенде сәл кідірді де: «Расын айтсам, көргендеріңнен артық асып бара жатқан ешқандай ғибадатым жоқ. Дегенмен, жүрегімде ешбір мұсылманды көре алмау ниеті болған емес. Өмір бойы ешкімге кек сақтамадым, қызғанбадым да», – деді. Мен сонда ғана істің мәнін аңғарып: «Сірә, сені әлгіндей мәртебеге жеткізген осы қасиетің болар», – дедім»

0 пікір