Жәннатты сатып алды...
Жәннатты сатып алды...
7 жыл бұрын 5245

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылманның алғаны емес, берген мүлкі - өзінікі» деген. Қабірге кіргеннен кейін ешкімнің атағы, абыройы қалмайды. Өлгеннен кейін бір кебінмен топыраққа көміледі. Аты да, заты да жоқ болады. Дүние үшін жиған табыстары дүниеде қалады. Ақырет үшін не жинаған болса, ақырет үшін алдын-ала не жіберген болса, барлығы өзінде қалады. Ал өмірін дүниеге арнаған, түкке тұрғысыз нәрсе үшін жұмсаған адамның құны қандай болмақ? Әрине, ешқандай болмайды. Егер өмірін ақыреті үшін жұмсаған болса, оның құны сол күні, яғни өлген кезде белгілі болады. Барлық адам үшін шынайы өмір өлгеннен кейін басталады.

Бір күні өте кедей бір кісі Мұсаға (ғ.с.): «Я, Мұса, жылдар бойы ғибадат етудемін, бірақ кедейліктен өлуге айналдым. Алла тағалаға дұға ет, маған көп мал-мүлік берсін. Жағдайымды түзеп алайын» дейді. Мұса (ғ.с.) Тур тауына барып Алла тағалаға дұға етеді. Алла тағала: «Ол құлымнан сұра! Байлықты дүниеде берейін бе, ақыретте ме?» - дейді. Мұса (ғ.с.) кедейге келіп сұрайды. Кедей: «Мен байлықты дүниеде қалаймын» деп жауап береді. Мұса (ғ.с.): «Үш күндік дүниені не қыласың? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен байлықты ақыретте сұра, ол жақ мәңгілік» деп кеңес береді. Кедей: «Таңдау маған берілді, мен дүниеде қалаймын» дейді. Мұса (ғ.с.) кедейге: «Өзің білесің» деп, Тур тауына барып Аллаға: «Я, Раббым, Өзің білетініңдей ол құлың байлықты дүниеде қалады» дейді. Алла тағала: «Қалауы осы болса, байлықты дүниеде бердім» дейді. Кедей аз уақыттың ішінде өте бай болады, ақшасы сансыз көп болады. Ақшаларын үнемі жақсы нәрселерге жұмсайды. Ақшасын таратқан сайын арта береді. Қаншалықты көп берсе, соншалықты көп ақшасы болады. Қай жерде кедей адам болса, соған барып көмектеседі. Қай жерде қарызға батқан адам болса, барып оның қарыздарын төлейді. Жетімдерге қамқорлық жасайды. Оларды қуантады. Үйі болмағандарға үй әпереді, үйленгендерге көмектеседі. Өзіне ешнәрсе жаратпайды. Бар мүлкін өзгелерге таратады. Уақыты келіп, бір күні ол адам қайтыс болады. Мұса (ғ.с.) түсінде оны жәннатта зәулім сарайлардың ішінде көреді. Қызығып, мұның хикметін сұрайды: «Я, Раббым, бұл құлың байлықты дүниеде қалады, сен бердің. Ал ақыретте зәулім үйлерге қалай ие болды?» Алла тағала былай дейді: «Иә, ол байлықты дүниеде қалады, мен бердім. Бұл сарайларды ол сол байлығымен сатып алды. Менің берген барлық ақшамды ол осы жерге жұмсады. Ол дүниеде зәулім сарайлар сатып алған жоқ, дүниеде мал-мүлік иесі болмады. Оған берген барлық мүмкіншіліктерді менің разылығым үшін, менің құлдарыма, менің сүйгендеріме таратты, (осылайша) жәннат пен зәулім сарайларға қол жеткізді».

0 пікір