Һижри 145-198 жылдары (миләди 762-813 ж.) Әбу Нуәс есімді үлкен араб шайыры өмір кешкен. Ақындық өнерінің хас шебері Әбу Нуәстың бір кемсін тұсы - арақкеш болған деседі. Тіпті оның шарап жайында шығарған өлеңдеріне қарап жұрт оған «Шараптың ақыны» деген де лақап ат таққан екен. Бірақ өмірінің соңында тәубеге келіп, дүние саларда күнәсі үшін Құдайдан жалбарынып кеткендігін ақынның соңғы өлең жолдарынан түсінеміз.
Әбу Нуәс - өзінің заманына сай білімді әрі сөзге жүйрік шешен болған. Ол халифа Харун Рашид пен ұлы Әминның қасында беделге ие тұғын. Бірақ «басқа пәле тілден» демекші, Әбу Нуәс аталмыш патшалардың бұйрығымен талай қамалған да екен. Бірде Әбу Нуәс өлеңдетіп (аудармасы):
«Мешіттерді діндарларға қалдыр, солар мекен тұтсын,
Ал бізге шарап жасаушыларды кездір, шарап ішкізсін.
Раббың Алла «мас болғандарға нендей өкініш!» демеген еді,
Бірақ «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш!» дегені белгілі!» - деп жырлайды.
Оның бұл өлеңі ауыздан ауызға тарап, Харун Рашидтің құлағына жетеді. Харун Рашид оның осындай оғаш өлеңі үшін басын алғысы келгенде, айналасындағылары: «Уә, мүміндердің әміршісі! Ақындар - өздері істемейтін нәрсені айта береді ғой» деген екен. Сосын Харун Рашид райынан қайтып, кешірім беріпті.
Әбу Нуәстың Имам Шәфиғимен де (Алла оны рахымына бөлесін) таныстығы бар болған. Тіпті Имам Шәфиғидің (Алла оны рахымына бөлесін) ол жайында: «Егер Әбу Нуәстың ұятсыздығы болмағанда, мен одан ілім алар едім» деп айтқандығы деректерде келтіріледі.
Және де кейбір мәліметтерде Әбу Нуәс пен Имам Шәфиғидің мынадай бір оқиғасы баяндалған. Әбу Нуәс дүние салған кезде, шарап ішкіш болғандығы себепті болса керек, Имам Шәфиғи оның жаназасын шығарудан бас тартыпты. Дегенмен адамдар мұсылман жолына сай соңғы сапарына шығарып салайық деп, жуындырып, кебіндемекші болғанда, оның киімінің қалтасынан бір жапырақ қағаз шығады. Ашып қараса жан тебірентер мазмұнға толы мынадай өлең шумағы жазылған екен (аудармасы):
Уа, Аллам! Егер көптігі себепті күнәларым таудай болса,
Күмәнсіз, мен білемін - сенің кешірімің одан да үлкен!Егер саған тек ізгі жандар десең, жалбарыну керек,
Күнәһар пенде кімді паналап, кімнен жәрдем тілемек!Саған, Раббым, өзің айтқандай, қол құсырып, жалбарынамын,
Егер қолым кері қайтарылса, кім маған рахым етпек!»1
Одан соң жұрт өлең жазылған парақты Имам Шәфиғиға апарып, оны Әбу Нуәстың қалтасынан тапқандарын білдіреді. Имам Шәфиғи парақты қолына алып, өлеңді оқығаннан кейін көзіне жас алады. Содан барып, Әбу Нуәстың жаназасын өзі шығарыпты. Онымен қоса бүкіл жұртшылық жаназаға қатысып, Әбу Нуәсқа жарылқау тілесіпті.
Әбу Нуәстың Мұхаммед ибн Нәфиъ деген досы болған. Ақынның соңғы сәтте жазып қалдырған өлеңін алғаш тапқан да сол еді. Мұхаммед ибн Нәфиъ досының бақилық болғанын алғаш естігендегі оқиғаны былай баяндайды:
«Әбу Нуәс менің досым еді. Оның дүние салғанын естігенімде қатты қайғырдым. Кенеттен көзім ілініп кетіп, ұйқы мен ояудың арасында оны түсімде көрдім. Түсімде оған:
- «Әбу Нуәс!» деп дыбыстадым. Ол маған:
- «Күнниямен атауға енді кеш!» деді (Яғни, Әбу Нуәс деп айтуға кеш деді). Мен оның атын атап:
- «Хасан ибн Һәни!» дедім. Ол:
- «Иә» деді. Мен:
- Алла Тағала саған не істеді? - деп сұрадым (яғни, о дүниедегі жағдайың қалай деп сұрадым). Ол:
- Өлең шумағымда айтқан сөздерім себепті мені кешірді, ол өлең шумағы жастық қыртысының астында (немесе екінші жастықтың астында), - деді. Оянсам түсім екен. Дереу орнымнан тұрып Әбу Нуәстың үйіне бардым. Үйдегілері мені көргеннен кейін қатты жылай бастады. Мен оларға:
- Бауырым Әбу Нуәс қайтпай тұрып өлең жазып қалдырған ба еді? - деп сұрадым. Олар:
- Білмейміз, бірақ өлім төсегінде жатқанда бір сия саут пен парақ сұратты. Кейін параққа бір нәрселерді жазды, бірақ не жазғанын білмейміз, - деп жауап берді. Сосын, мен олардан кіруге рұқсат сұрап, досым жатқан бөлмеге кірдім. Кимылсыз жатқан досымды көрдім. Жастығын көтердім. Еш нәрсе таппадым. Екінші жастықтықты көтергенімде астынан хат шықты, ашып оқысам мына өлең жолдары жазылған екен» - деп жоғарыда келтірілген өлең жолдарын оқиды2.
Бұл оқиғадан түсінетініміз, қандай күнәһар болса да оған қатысты бір үкім беруге асықпағанымыз жөн екен. Өйткені, хадисте де айтылғандай, тозақы деп жүрген адамымыз соңғы сәтте шынайы тәубеге келіп, пейіштік болуы мүмкін екен.
1 Әбу Нәуәстың бұл өлені Хатиб Бағдадидің «Тәрих Бәғдәди» атты еңбегінде келтірілген. Ол жерде өлең жазылған парақты тапқан досы Мұхаммед ибн Нәфиъ екендігі айтылады.
2 Хатиб Бағдадидің «Тәрих Бәғдәди» кітабынан.
Дайындаған Абдусамат Қасым