Жалғыз қызын тұрмысқа бергісі келген патшаның оқиғасы (қисса)
Жалғыз қызын тұрмысқа бергісі келген патшаның оқиғасы (қисса)
1 жыл бұрын 5057

Бір күні бір мұсылман патша жалғыз қызын тұрмысқа беруді ойлайды. Алайда қызын берер лайықты жігіт табылмайды. Бір күні ойланып отырып "қызына бақуатты күйеудің не керегі бар, одан да оған жақсы қарайтын иманды, тақуа күйеу болғаны абзалырақ" деген оймен, уәзірін мешітке жібереді. Түнде мешітке барып, түн ішінде мешітте ең көп мінәжәт еткен жігіт болса, алып кел деп жібереді.

Сол түні бір ұрлықшы жігіт мешітті тонамақшы болады. Осы ниетпен мешітке келсе, мешіттің есігі құлыптаулы екен. Жігіт мешіттің қабырғасына шығып, төмен секіріп түседі де, мешіттің ішіне кіреді. Мешіттен ұрлайтын құнды зат қарап, тіміскілеп жүргенде кенеттен есіктің құлыпын кілтпен ашып жатқан дыбысты естиді. Үрейі шыққан ұрлықшы жігіт дереу намазға тұра қалады. Уәзір мен әскерлер есікті аштырып, мешітке кіріп қараса, бір жігіт намаз оқып жатыр екен.

Өз көзіне өзі сенбеген уәзір бір сәт тұрып қалады да, таң қалып: О, тоба! Мына жігіттің намазға деген құштарлығын қарашы. Есіктің құлыптаулы болуына қарамастан дуалдан асып түсіп, мешітке келіп намаз оқып жатыр, іздеген жігітім осы болса керек» деп ойлап, әскерлеріне жігіт намаз оқып бола салысымен оны сарайға апаруын бұйырады. Алайда, ұрлықшы жігіт қорқыныштан намазын одан бетер соза түседі. Бір намазды бітірер-бітірмес іле-шала келесісіне бастап кетіп жатады. Әскерлер болса, жігіттің тақуалығына қарап, таңқалысып бастарын шайқайды. Алайда, уәзірдің де, әскерлердің де шыдамы таусылады. Жігітті күтуден мезі болған олар, жігіт бір намазды аяқтар-ақтамас, қолынан шап беріп ұстап, сарайға алып кетеді.

Сарайға алып келіп патшаға жігітті таныстырады, оның құлшылыққа берілген тақуа жан екендігін, мешіт құлыптаулы болса да мешіттің дуалынан асып түсіп, мешітке кіріп түн ішінде намаз оқығанын айтып, таңданыстарын жасырмайды. Уәзірінің сөзін тыңдағаннан кейін патша жігітке қарап, мен өзіңдей тақуа жігітке қызымды бермекші едім. Іздегенімді тапқан сияқтымын. Қызымды саған үйлендіремін. Мен өлгеннен кейін менің орныма патша боласың дейді.

Өз құлағына өзі сенбей, бақыттан басы айналған жігіт, басын салбыратып іштей: «Уа, Жасаған Ием! Менің өтірік оқыған намазым үшін осынша нығметті сыйладың, егер шын оқысам нелер сыйлар едің!» -деп, іштей Жаратушысына шүкіршілігін білдіріпті.

Хикаядан қандай ғибрат аларын оқырманның өзіне қалдыралық. 

Абдусамат Қасым 

0 пікір