ИМАМ АХМЕД ЖӘНЕ НАУБАЙШЫ (немесе истиғфардың құдіреті)
ИМАМ АХМЕД ЖӘНЕ НАУБАЙШЫ (немесе истиғфардың құдіреті)
1 ай бұрын 3952
А. Қасым

Мәліметтерде Имам Ахмед ибн Ханбәлдің басынан өткен мынадай бір оқиға баян етіледі. Бұл оқиғаның рас-өтірігі жөнінде кейбір Ислам ғалымдары күмәнданса да[1], ғибрат аларлық хикая екендігі даусыз.

Күндердің бірінде ғұлама Имам Ахмед ибн Ханбәл (рахматуллаһи алейһи) бір қалаға сапарлап барады (ол қаланың Рей қаласы болғаны айтылады). Бөтен қала. Есімін ел естігенімен, түрін көргендер бірен-саран. Содан, қонатын жер таба алмаған болса керек, мешіттің бірінде қонуды ұйғарады. Алайда, мешіттің күзетшісі қараңғы түнде оған мешітке қонуға рұқсат бермей, мешітті жабатынын айтады. Имам Ахмед: "Бұл Алланың үйі. Мен болса, Алланың құлымын. Енді қайда барамын?" - деп, қанша көндірсе де көнбеген күзетші, оны мешіттің ауласынан шығарып жібереді.

Оны сырттан бір наубайшы байқап тұрған екен. Имам Ахметтің үсті-басына қараса, қаңғыбасқа ұқсамайды. Түрі де қаскөй қарақшының түрі емес. Содан не керек, наубайшы Имам Ахметті наубаханасына қонуға шақырады. Екеуі наубайханаға келісімен, наубайшы Имам Ахмедке жататын жерін көрсетіп, үстіне ауыстыратын киім беріп, өзі күнделікті жұмысына кірісіп кетеді.

Имам Ахмед бір қараса наубайшы қамыр илеп тұрып «истиғфар» айтып тұр екен. Баста онша мән бере қоймағанымен, наубайшының ұзақ уақыт бойы тоқтамай истиғфар айтқанын көріп, іштей таң қалады. Содан таң азанда ұйқыдан тұрып, намаздарын оқығаннан соң әңгіме арасында Имам Ахмед түндегі истиғфары жайында сұрайды. Наубайшы:

- Мен әрдайым қамыр илегенде истиғфар айтып тұрамын. Қанша уақыт болды наубайшылықпен айналысқаныма, бұл әдетімді тастаған емеспін, - деп жауап беріпті.

- Оның пайдасың көрдің бе? - дейді Имам Ахмед. 

- Пайдасын көп көрдім. Шүкір Аллаға. Алладан не тілесем, тілегім қабыл болады - деген наубайшы аз ойға шомып артынан: - Дегенмен, бір тілегім әлі қабыл болмай жүр - деп айтып қалады. 

- Ол қандай тілек еді? - дегенде, ол:

- Имам Ахмед ибн Ханбәлді көрсем деген тілегім бар еді. Әлі күнге дейін көру нәсіп болмай жүр, - деп айтады. Таңданысы одан бетер артқан Имам Ахмед наубайшығы: 

- Еее, олай болса, бұл тілегің де қабыл болған екен. Мен - Ахмед ибн Ханбәлмін. Алла Тағала мені саған өзі сүйреп әкелген екен, - деп Имам Ахмед күлімсірепті.
 
Истиғфардың құдіреті көп. Истиғфар қиналғанда - жеңілдік, жабырқағанда - қуаныш, тығырыққа тірелгенде – жол ашар. Дұғаның қабыл болуына бірден-бір себепші. 

اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ إِنَّهُ كَانَ غَفَّارًا

"Раббыларыңа истиғфар айтыңдар (кешірім сұраңдар). Шынында, Ол өте кешірімді!" ("Нұх" сүресі, 12 аят).

Астағфируллаһә уә әтубу илейһ!


[1] Мәселен, Имам Зәһәби сынды ғалымдар бұл хикаяны «ойдан шығарылған, жалған хикая» деп айтқан. 

 

0 пікір