Ибраһим ибн Әдхам мен Шақиқ Бәлһидің ғибратты әңгімесі
Ибраһим ибн Әдхам мен Шақиқ Бәлһидің ғибратты әңгімесі
4 ай бұрын 4297
Мұса Жамал

VIII (8) ғасырда әулие, сопылық жолының белді өкілі Ибраһим ибн Әдхам есімді тұлға өмір кешкен. Ол бір күні дәруиштік өмір кешіп жүрген Шәқиқ әл-Бәлхиді Меккеде кездестіріп қалады. Шәқиқтің өте жұпана күйін көріп Ибраһим ибн Әдхам оған:

- "Сені бұл күйге не нәрсе түсірді?" - деп сұрайды. Сонда Шәқиқ оған басынан өткен бір әңгімесін айтып береді:

- "Күндердің бірінде шөл далада екі қанаты сынған бір құсты көрдім. Не ұша алмайды, не қорегін өзі таба алмайды. Оның сол күйіне қарап: «Мына бейшараны кім ризықтандырар екен, қасына отырып көрейін» дедім. Сөйтіп отырғанымда, кенеттен аузына шегіртке салып алған басқа бір құс көрінді. Ол аузындағы шегірткені әлгі бейшара құстың аузына салды. Сол көріністен соң өз-өзіме: «бір құсты екінші құсқа себепкер қылған Алла, мені қайда жүрсем де ризықтандырары сөзсіз ғой» дедім. Содан соң, нәпақа іздеп кәсіп қылуды доғардым да, өзімді құлшылыққа бердім» - деді Шәқиқ әл-Балхи. 

Шәқиқтың әңгімесін тыңдағаннан соң Ибраһим ибн Әдхам оның ол таңдауын құптамай былай деп насихат айтады:

- "Жарақаттанған құсты тамақтандырған әлгі сау құс секілді неге болмайсың? Сау құс болуың - жаралы құс болуыңнан абзал емес пе? Алла елшісінің (с.а.у.): «Жоғары қол - төменгі қолдан қайырлы!» (яғни, береген қол - алаған қолдан жақсы) - деген хадисін естімеппе едің? Ізгілердің деңгейіне жету үшін барлық істе екі деңгейдің ең жоғарғысына талпынуың керек, осы - шынайы мүміннің сипаты (яғни, өмірдің ең жақсысына ұмтылу мүмінге жарасатын іс)» - дейді абыз. Осы насихатты естігеннен соң әмәнда дұрыс сөзге тоқтай білген Шәқиқ әл-Бәлхи Ибраһим ибн Әдхам хазреттің қолын сүйіп:

- Сіз біздің ұстазымыссыз, уа, Әбу Исхақ! - деген екен.

Бұл қос әулиенің диалогынан жақсы мүмін-мұсылман болу - дүниелік істерден баз кешіп, қаңғыбас күйге түсу деген сөз емес екенін ұғынамыз. Қайта мүмкіндігінше кәсіп қылып, байып, мұқтаж жандарға қол ұшын созушы жан болуға тырысқан абзалырақ болмақ. Әрине, кәсіп қылып, ризықтың себептеріне жабысқан кезде де, әсілі ризық беруші Алла екендігін үнемі көкейде сақтаған жөн. Жоғарыдағы әңгімені мысалға келтірген Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) былай деп сөзін жалғастырады:

«Адам баласы кәсіп жолында себептерге жүгінген кезде назарын сол себептерге қадап, онда тоқтап қалмауы тиіс. Назарының діттеген жері - үнемі Жаратушысы болуы тиіс. Құдды қолындағы ыдысымен қайыр сұрайтын қайыршы тәрізді. Қайыршы қайыр сұрағанда тиын жинайтын ыдысын қолданғанымен, екі көзі сол ыдысқа ақша салушылардың қолында болады. Тура сол сияқты, кісі кәсіп қылғанда да назары мен діттеген мақсаты себептерде емес, әсілі ризық беруші (сол себептерді жаратқан) Аллада болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Адамдардың ең байы болғысы келген кісі - Алланың құзырындағыға (ризыққа) деген сенімі, өзіндегі дүниеге деген сенімінен көбірек болсын» деген» - 

- дейді Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)1.


1 Имам Ғазали, «Мүкәшәфәтуль Құлуб». 103 бет. Араб тілінде.

 

0 пікір