Ибраһим Әдхамның патшалықтан бас тартуына себеп болған оқиға
Ибраһим Әдхамның патшалықтан бас тартуына себеп болған оқиға
6 жыл бұрын 2717
Құдияр БІЛӘЛ

Патша болып мейманасы тасып тұрған Ибраһим Әдхамның патшалықтан бас тартып, тақуалық жолға түсуіне бірінен кейін бірі қайталанған екі-үш оқиға себеп болады. Бірде патша төсегін реттеп, қайта салған қызметкері «Мынандай төсекте жатқан адамның арманы болмас» деп, патша төсегіне бір аунап тұрады. Сол-ақ екен өзге қызметкерлер байқап қалып, оны патша алдына сүйрелеп алып барады. Патша оған дүре соғуға әмір береді. Қызметкер соққыға жығылады. Бірақ арқасын дүре осып өткен сайын сықылықтап күле береді. Патша одан «Неге күлесің?» десе, қызметкері «Мынандай төсекке бір рет жатамын деп осынша таяқ жедім. Ал күнде жатып жүрген сіздің жағдайыңыз Алла алдына барғанда қалай болатындығын ойлап күліп жатырмын» дейді. Бұл сөз Ибраһим Әдхамға қатты әсер етеді.

Кейін өзі де жазықсыздан жазықсыз таяқ жеп, баспалдақтан төмен қарай лақтырылғанда соққыға соққы жалғасып, төмен қарай домалап келе жатқанында «Құдайдан осы баспалдақ бітіп қалмаса екен деп тіледім» депті. Денесін құрт жеп жатқан Әюп пайғамбар да жерге түскен құртты «Сенің ризығың менен ғой» деп үстіне шығарып қояды екен. Бір әулие өзін жеп жатқан қасқырдың басын сипалап жатыпты деседі. Бұл хикметтер сырын біз түсіне алмаймыз. Дұрысы – қабылдай алмаймыз. 

Иә, ең ауыр ауыртпалық пайғамбарларға, әулие-әнбиелерге тән. Себебі ол ауыртпалық қайыры – рухани хәл ләззаты мен биік дәреже. Құдай ондай ауыртпалықты бізден әрі қылсын. Себебі біз көтере алмаймыз. Ол түгілі біз өзімізге лайық ауыртпалықтың өзіне қабырғамыз қайысып кетеді. Осы жерде басын ашып алатын бір жәйт бар. Біз өзіміздің әулие емес екенімізді жақсы білеміз. Бірақ адамда шамалы сенім ұялау үшін әлгі, пайғамбарлар демей-ақ қоялық, бірақ анау қарапайым адамдар өз басындағы ауыртпалығының ләззатын сезінгені сияқты, дәл сондай болмаса да, біз де әлгі басымыздағы қиындықтардың «рахат екендігін» сәл-пәл болса да сезініп қойсақ болмас па екен деген де ойдың келуі заңдылық қой енді. Себебі біз көтерген оқиғалардың бәрі өмірде болған. Тіпті, басқасын былай қойғанда Құран қиссасын ешкім де жоққа шығара алмайды. 

Ол хикмет сырларын түсіну үшін әуелі мына бір жайтқа назар аударайық. Сіз бір мекеменің түкірігі жерге түспеген бастығысыз. Жаңадан ауысып келген қарауылыңыз сізді танымай, ішке кіремін деп өңмеңдеп қоймаған сізді баспалдақпен төмен қарай домалатып кеп жіберді делік. Домалап бара жатқан сіз әлгі жүгермекке «Рахмет, менің біраз дәрежемнің көтерілуіне себепкер болдың» деп айта аласыз ба? Дұрыс. Айта алмайсыз. Қызметіңіз одан жоғары болса, тіпті айта алмайсыз. Ал патша болсаңыз... Иә. Баспалдақтан төмен қарай құлдилап болғанша, ызадан жарылып өлесіз. Әлгі біз айтқан рухани хәл ләззатын сезіну үшін сол қарауылға рахмет айта алатындай деңгейге көтерілу керек. Ең болмағанда «Бұл да Алланың рахметі» дей алсақ, иығымыздағы ауыр жүк салмағы біртіндеп жеңілдейді. Ал сол хәл ләззатын сезіне бастағаннан кейін сондай бір сезімді аңсайсыз да тұрасыз. Ол сезім адам баласына тек қиындық арқылы келмейді. Адам біртіндеп кемелдікке жеткен кезде мына әлемнің тек сондай рухани ләззатты тудыратын «шикізат» екенін түсінеді. Ол енді... Иә. Әулиеге тән болмыс. Ал бізге осы жайтты түсінгеннің өзі басымызға түскен қиындықтарды жеңуімізге септігі тиеді.

0 пікір