Дыхиятул-Кәлби (р.а.) әңгімелеуде:
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған бір хат беріп Византия патшасы Қайсарға жіберді. Патшаға барып хатты бергенімде қасында қызыл шырайлы, көк көзді, бұйра шашты жиені бар еді. Хаттың басы «Алланың Елшісі Мұхаммедтен гректердің қожайыны Гераклийге» деп басталатын. Жиені осы сөзді оқи сала терең бір тыныстады да «бұл хатты оқуға болмайды» деп бір-ақ түйді. Қайсар бұның себебін сұрады. Жиені: «Бұл хатты жазған адам алдымен өз атын жазыпты да сені екінші орынға қойыпты, сөйтіпті де сені патша демей жай ғана қожайын деп көрсетіпті» деді. Патша қарсылық білдіріп, міндетті түрде оқуын бұйырды.
Хат оқылған соң ол жердегілердің бәрі сыртқа шығып, Қайсар ішке мені шақыртты. Қайсар патша мен ішке кірген кезде өздерінің дін істеріне қарайтын епископын да шақыртты. Сөйтті де хатты епископқа оқытты. Епископ оған:
– Бұл Мұхаммед қой, – деді, – ол біздің көптен күткен пайғамбарымыз. Тіпті Исаның өзі оның келетіндігі жайында сүйіншілеп хабар айтқан.
Қайсар епископқа қарап:
– Иә, маған қандай ұсынысың бар? – деп сұрады.
Епископ:
– Өз басым сөзсіз оны растап, мойынсұнам, – деді. Қайсар оған:
– Алайда мен де растап оған бас иер болсам патшалығымнан айрылып қалармын, – деді күмілжіп.
Содан біз патшаның қасынан шықтық. Қайсар сол кезде қонағы Әбу Суфиянды шақыртты да оған сұрақ қойып жауап ала бастады.
– Сендер жақта пайда болған әлгі кісі кім?
– Ол – бір жас жігіт.
– Шыққан әулеті қандай?
– Ішіміздегі аса бір сыйлы әулеттен шыққан.
– Ол пайғамбарлығының белгісі болар. Иә, оның болмысы қандай?
– Ешқашан өтірік айтқан емес.
– Бұл да пайғамбарлығының бұлтартпас белгісі.
Қайсар Әбу Суфияннан сұрауын жалғастыра түсті:
– Оның ізіне ерген елдің арасынан қайта бет бұрып кеп қатарларыңа қосылғандар болды ма?
– Жоқ.
– Иә, бұл да оның пайғамбарлығының дәлелі. Ол соғыс кезінде еш жеңіліп көрді ме?
– Кейде жеңгенмен кейде жеңілетін.
– Бұл да пайғамбарлығының белгісі.
Артынша Қайсар патша мені шақырып былай деді:
– Сені жіберген адамға айта бар, мен оның пайғамбар екенін білгенмен патшалығымды тастай алмаймын!
Ал епископ болса әр жексенбі сайын христиандарға уағыз айтатын. Алайда келесі жексенбі күні ол христиандарға барып әдеттегі уағызын айтпады. Одан кейінгі жексенбіде де сөйтті. Халыққа өзінің ауырып жатқандығын айтты. Бірақ мені шақырып алып әр түрлі сұрақтар сұрайтын. Дәл осылай бірнеше апта халыққа шығып уағыз айтпай қойған соң бір күні халық жиылып келіп оған былай деп қатаң талап қойды:
– Не өз еркіңмен сыртқа шық, не біз сені бөлмеңде өлтіреміз. Әлгі араб келгелі бері біз саған күмәнмен қарай бастағанбыз.
Бұны естігенде епископ маған бірден хат жазып беріп былай деді:
– Мына хатты ал да, Мұхаммедке жеткіз. Оған дұғай сәлем айт та, менің Алладан басқа тәңір жоқ әрі Мұхаммедтің оның Пайғамбары екендігіне иман еткенімді, сондай-ақ оған мойынсұнғанымды айт. Халық менің бұл жағдайымды жақсы сезіп отыр. Оған көргендеріңнің бәрін айт!
Осыны айтты да ол далаға шықты. Күтіп тұрған халық оны дереу өлтіріп тынды...