"Есігіңнің табалдырығын ауыстыр!": Ибраһим пайғамбардың, ұлы Исмайылға айтқаны
"Есігіңнің табалдырығын ауыстыр!": Ибраһим пайғамбардың, ұлы Исмайылға айтқаны
3 жыл бұрын 7739

Бұл оқиға - хадисші Имам Бұхаридің (оны Алла рахымына бөлесін) «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында орын алған. Оны Мұхаммед пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахаба Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) жеткізген.

Ибраһим пайғамбар ғалейһиссәләм Алланың әмір етуімен, жұбайы Хажар ғалейһәссаләмды және кішкене ұлы Исмайыл ғалейһиссәләмді елсіз шөл далаға апарып тастайды (ол жер қазір қасиетті Мекке қаласының орналасқан жері). Шөл далада сусыздықтан қиналған Хажар анамыз су іздеп "Сафа" мен "Мәруа" арасында шарқ ұрып жүреді. Анда-мұнда жеті мәрте жүгіріп барып келеді. Сөйтіп Мәруаға шыққанда бір дыбыс естиді. Хажар анамыз (дыбыс шыққан жаққа): «Мен сені естіп тұрмын, бізге көмек бере алсаң, көмек бергін!» дейді дауыстап. Алайда, ешқандай жауап келмейді. Назар салып қараса, қазіргі замзам құдығының орнында бір періште аяғының өкшесімен (немесе қанатымен) жерді қазып тұр екен. Кейін сол жерден атқылап су шығады. Хажар суға жүгіріп барып, торсығына (теріден жасалған ыдыс) су құйып алады. Шыққан су жан-жаққа ағып, рәсуа болмасын деп, шет-шетін құммен қоршап қояды. Хажар анамыз шөлін қандырып, бойына күш оралады. Омыраудағы нәрестесін де емізеді. Періште оған:

«Қорықпағын. Сендер бұл жерде өлмейсіңдер. Бұл жерде Алланың үйі Қағба орналасқан. Мына бала мен әкесі екеуі Қағбаны тұрғызады» - дейді.

Хажар сол жерді мекен тұтып, орнығады.

Күндердің күнінде «Жұрхым» деп аталатын бір Йемендік тайпаның керуені сол жерден өтіп бара жатып, алыстан ұшып жүрген құстарды байқайды. "Бұл жерде бұрын су болмаушы еді. Әйтсе де, су болмаса, құстар бұл мекенде жүрмейтін еді ғой" деп, екі жігітті қарап келуге жібереді. Олар барып, су барын айтып келеді.

Жұрхымдықтар құдықтың қасына келсе, судың басында Хажар анамыз бен кішкене ұлы Исмайыл отыр екен. Олар Хажар анамыздан осы аймаққа орналасуға рұқсат беруін сұрайды. Хажар анамыз оларға «замзам суының иелігіне таласпау» шартымен, осында орналасуларына рұқсат береді. Олар келісіп, сол жерді отбасыларымен бірге мекен тұтады. Ел келгеніне Хажар анамыз да қуанады. Осылайша, Хажар анамыз бен кішкене ұлы Исмайылды Алла Тағала жалғыздықтан құтқарған болды.  

Халық келіп, үйлер соғылып, бұрын елсіз жатқан аймақ, енді шағын бір елді-мекенге айналды. (Бұл елді-мекен кейіннен «Мекке» деп аталады).

Жылдар өтеді. Кішкене Исмайыл бозбала шағына жетеді. Ержетіп келе жатқан Исмайыл өзінің батырлығы мен тапқырлығымен Жұрхымдықтарды таңқалдырады. Олар Исмайылға бауыр басып, жақсы көріп кетеді. Исмайыл олардан араб тілін үйренеді. Исмайыл ержеткен шақта, қыздарының бірін Исмайылға үйлендіреді. Сол арада анасы Хажар да бақилыққа аттанады.

Исмайыл үйленгеннен кейін көп ұзамай әкесі Ибраһим пайғамбар, отбасын іздеп келеді. Келсе баласы Исмайыл жоқ екен. Әйелінен (яғни, келінінен) күйеуінің қайда кеткенін сұрайды. Әйелі:

- Бізге тамақ іздеп кетті, - деп айтады.  Сосын Ибраһим пайғамбар келінінен қал-жағдайларын, қалай өмір сүріп жатқандарын сұрайды. Келіні:

- Жағдайымыз нашар. Таршылықта және қиыншылықта өмір кешіп жатқан жайымыз бар, - деп шағымданады. Келінінің шағымын үндемей тыңдап болғаннан кейін, кетуге ыңғайланған Ибраһим келініне қарап:

-  Күйеуің келкен кезде, оған сәлемімді жеткізгін. Және де оған «есігіңнің табалдырығын ауыстыр» деп айтқын, - деп шығып кетіп қалады.

Исмайыл ғалейһиссәләм үйіне оралғаннан кейін, үйге біреудің келгенін сезеді. Әйелінен:

- Үйге біреу келген бе? – деп сұрайды.

-  Иә, мынадай, мынадай бір қарт кісі келді. Сені сұрады. Сенің тамақ іздеп кеткеніңді айттым. Сосын менен жағдайымызды сұрады. Мен оған таршылықта, жоқшылықта өмір сүріп жатқанымызды айттым, - дейді әйелі.

- Саған қандай да бір өсиет айтып кетті ме? – деп сұрайды күйеуі.

-  Иә, айтты. Саған сәлемін жеткізуімді бұйырды және есігіңнің табалдырығын ауыстыруыңды айтты, - дейді әйелі. Мән-жайды түсінген Исмайыл:

- Ол менің әкем. «Табалдырығыңды ауыстыр» дегені - cенімен ажырасуымды әмір еткені. Үйіңе қайт, - деп әйелінің басын босатады. Артынан, көп ұзамай сол тайпадан болған басқа бір әйелді әйелдікке алады.  

Ибраһим пайғамбар сол кеткеннен көп күнге дейін оралмады. Алла қалаған күннің бірінде Ибраһим пайғамбар ұлының үйне тағы келеді. Келсе ұлы жоқ екен. Ұлының әйелінен (яғни, келінінен) ұлын сұрайды. Әйелі:

- Бізге ырзық іздеп кетті, - деп айтады.  

- Жағдайларың қалай? – деп, Ибраһим пайғамбар жаңа келінінен қал-жағдай, тұрмыш-тіршіліктерінің күйін сұрайды.

- Жағдайымыз жақсы, тұрмысымыз тәуір, - деп келіні Құдайға шүкір айтады.

- Жейтін тамақтарың қандай тамақ? – дейді Ибраһим (ғалейһиссәләм).

- Ет, - деп жауап береді келіні.

- Ішетін сусындарың қандай сусын?

- Су, - деп жауап береді келіні. Сонда Ибраһим пайғамбар: «Аллаһым! Бұлардың еттері мен суларына береке бергейсің!» деп бата жасайды. Кетуге ыңғайланып, өзінің кім екенін әлі білмей тұрған келініне Ибраһим пайғамбар:

- Күйеуің келген кезде сәлемімді жеткізерсің, қызым. Оған айтқын, есігінің табалдырығын бекем ұстасын, - дейді де шығып кете барады.

Исмайыл үйіне оралғасын, әйелінен:

- Үйге біреу келген бе? – деп сұрайды.

-  Иә, сыртқы келбеті көркем болған бір қария кісі келіп кетті, - дейді де Ибраһим пайғамбар мен арада болған әңгіменің бәрін түгел айтып береді.  Сонда Исмайыл:

- Ол менің әкем. "Табалдырық" дегені – сенсің. Маған сенен ажырамауымды бұйырып тұр, - деп әкесінің астарлап айтып кеткен өсиетінің мәнін түсіндіріпті[1].

Абдусамат Қасым


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №921 хадис. Хадис ықшамдап алынды.

0 пікір