Жүнәйд бала кезінде діни сауатын жетілдіру үшін медреседе оқиды. Оның алғырлығы, ақылдылығы ұстазының көңілінен шығып, ұстазы оны өзге шәкірттеріне қарағанда жақсы көре бастайды. Әлбетте, шәкірттердің Жүнәйдке деген қызғаныш пен көре алмаушылық пиғылдары артады. Бірде мұны ұстаз сезіп, шәкірттерінің бәрін шақырып алып: «Әрқайсың бір тауықты алып, ешкім көрмейтін жерге барып, сойып әкеліңдер», – дейді. Шәкірттер жан-жаққа кетіп, біраз уақыттан кейін келеді де, тауықты қалай сойғандығын айта бастайды. Біреуі сайда, біреуі қорада, біреуі үңгірде дегендей өздерінше ешкім көрмейтін жерде сойдық деп келеді.
Ал, Жүнәйд тауықты тірі күйінде ұстазының алдына алып келеді. Ұстазы оған: «Әй, Жүнәйд, сен неге айтқанымды істемедің? Тауықты соятын жер таппадың ба?» – дейді. Сонда Жүнәйд: «Сіз ешкім көрмейтін жерге барып сойып әкеліңдер дедіңіз. Бірақ мен ешкім көрмейтін жерді таппадым. Өйткені Алла Тағала барлық жерде және бәрін көріп тұр. Сол себепті тауықты соя алмай қайтып келдім», – дейді. Сол кезде ұстазы өзге шәкірттеріне қарап: «Міне, көрдіңдер ме? Жүнәйдті сендерге қарағанда не үшін көбірек жақсы көретінімді енді түсінген шығарсыңдар?» – деп түсіндіреді.