Ертеректе екі ағайынды өмір сүріпті. Олардың татулығы бүкіл ауылға үлгі екен. Бір күні кішісі әйеліне: «Осы жұртқа түсінбеймін, бір кіндіктен жаратылып, бір анадан туып, бір-бірімен сыйыспай, қырық пышақ болып жатады. Елден де ұялмайды. Соларға не жетпейді? Міне, біз ағайынды екеуміз жер ортасы жасқа келдік. Шүкір, oсы уақытқа дейін «әй» десіп көрген емеспіз» деп маңғаздана сырын айтады.
- Байғұс ау, оған несіне таң қаласың? Ағайындылар тату болғысы келмейді дейсің бе, бар бәле әйелдерінен ғой. Солар тату болмаған соң бауырлардың арасы қайдан түзелсін, - дейді әйелі.
- Сандалыпсың, - дейді оған күйеуі, ағайындылар арасындағы бар сыйластықтың дәнекері өзі болғысы келіп отырған әйеліне ызаланып. - О не дегені, ей?! Қатынның сөзіне еріп есі дұрыс адам бауырымен тілге келіп, араздасушы ма еді? Сен немене, ағам екеуміздің осынша сыйластығымыз жеңгем екеуіңнің арқаларың демекпісің, сонда?
- Әрине, солай. Әйтпесе немене, сендер басқа жұрттан ерекшеміз дейсіңдер ме? Бәрі біздің арқамыз. Абысыным екеуміздің татулығымыз сендердің абыройларыңды асырып отырған, - дейді әйелі онан сайын өршеленіп.
- Өйдөйт дегені! Иә, тағы не айтпақсың? Ау, былай ойласаңшы... Бізге сендердің сөздерің не...тыңдамаймыз да ғой. Біздің арамызға сендер түсе алмайсыңдар. Сөз осы. Оған сендер де, басқалар да бөгет бола алмайды!
Күйеуіне енді бірдеме десе істің аяғы насырға шауып кетерін сезген әйел одан әрі сөз таластырмайды. Арада біраз уақыт өткен кезде кішісінің әйелі күйеуіне қой сойғызып, қайнағасын бала-шағасымен үйіне қонаққа шақырады. Олар келген соң үлкен абысынының өңешке жерік болып жүргенін білетін кіші абысыны өңешті алдымен әкеп береді. Жерікқұмарлығы буған әйел қайнысының екі баласына бір-бір кесіп бірдеңе береді де, қалғанын өз балаларына бермей жеп қояды.
- Жеңеше-ау, біздің балаларға өңеш бергенің не, бұл күшіктердің әйелдері ертең жалаңаш келіп жүрер, - дейді осы жағдайды әдейі аңдып тұрған келіні.
- Неғылар дейсің тәйірі, балалар жыламасын деп жатқаным ғой, - дейді ойында түк жоқ абысыны.
Сөйткенше кіші абысын төрт сирақты екі-екіден екі ыдысқа салып, қайынағасының алдына әкеп қояды. Ойында ешқандай арамдығы жоқ қайнағасы алдымен келген екі сирақты інісінің екі баласына, кейін келгенін өз балаларына бөліп берді. Ал басынан бәле ойлаған келіні мәз болып отырған күйеуін «сыртқа шығып кет» деп ымдайды.
- Немене, бол, тезірек дәміңді дайындасайшы, - дейді ештеңеден хабарсыз күйеуі сыртқа шығысымен. - Ағалар күтіп қалды ғой.
- О, аңқылдаған сорлы. Ағам, жеңгем деп сенің-ақ емешегің езіліп тұрады. Ал олар не істеп отыр? Жеңгең сенің балаларың жарымасын, қалыңдықтары жалаңаш келсін деп әдейі оларға өңеш берді, ал өз балаларына татқызбады да.
«Өңеш жеген жігіттің қалыңдығы жалаңаш келеді» дейтін ырымды кішкентайынан естіп өскен күйеуі ойланып қалады. Cұм әйел күйеуіне ес жиюға мүмкіндік бермей отқа май құя түсіп:
- Жарайды, жеңгеңдікі жеңге болсын, ал ағаңа не жоқ? Жоқ, қазір бар да қарашы өзін. «Алға бассын» деп алдыңғы екі сирақты өз балаларына беріп, ал екі артқы сирақты «артқа кетсін» деп сенің балаларына берді. Масқара емес пе бұл...
Жігіт әйеліне тіс жарып ештеме демеді. Үйге кірген соң өз-өзінен қуыстанып, балаларының қолына ұрлана көз тастап еді, расында екі баласына бірдей екі сирақ тиіпті. Олардың ойларында ештеңе жоқ, ағасының екі тізесіне қонақтап алып, қолдарындағы сирақтарын алаңсыз мүжіп отыр. Сол арада дәм де келді. Ет желінді. Екі тізесіне асылып отырған інісінің балалары «ми жеймін» деп қыңқылдап қоймаған соң атасы сұқ саусағымен екі іліп екі балаға ми асатты. «Жастай ми жеген баланың миы былжырап кетеді» дегенді естіп өскен інісі ағасының мына тірлігіне онан сайын таң қалады. Ештеңе дей алмай іштен тынып, өңі түтігіп сала берді. Осыны аңдып отырған әйелі абысынына сүйек шабуға арналған жидек жаңғырық пен шотты ұстата салды. Сүйек шағылғанын көріп жілік майын жеп үйренген балалар енді әжесінің жанына таласа үймеледі. Жеңгесі ортан жіліктің майын қол созған өз балаларына бермей, алдымен қайнысының баласына берді. Сол-ақ екен, одан әрі шыдай алмаған қайнысы қолындағы ұзын омыртқаның жұлынын жұлып алып, ағасының баласының аузына тыққылады. Баланың жемеймін деп аузын ала қашқанына да қарамады. Ақыры баланы жылатып тынды.
- Қайным-ау, қайтесің азаптанып, жемесе қойсын, - деген жеңгесіне бірден:
- Жоқ, жейді! Неге жемейді? Жесін! Сенің балаң менің баламнан артық па? Осыны жегеннен суға кетер деймісің, - деп түтіге долданды.
«Жұлын жеген бала суға кетеді» дегенді білетін зерделі әйел қайнысының неге бұлқан-талқан болғанын түсіне қойды. «Ортан жіліктің майын жесе, бала ата-анасына мейірімсіз болады» дейтін сөз бар. Осыны аңғарған ол қайнысының көңілін аулауға кірісті:
- Ойбай, айналайын, кешір. Менің ойымда ештеңе жоқ. Бала жыламасын деп жатқан ғой менікі...
- Жетер, олай жәдігөйленбей-ақ қой! Сен де, ағам да біліп істеп отырсыңдар. Мені көре алмайсыңдар. Осы күнге дейін осыны байқамай келген аңқау басым...
Ағасы мен жеңгесі өздерінің адал екенін, ойларында ешқандай арамдықтың болмағанын қанша түсіндіргенмен, ақыл-есін ашуға алдырған інісі түсінбейді.
Осылайша сүттей ұйып отырған екі отбасы ұзамай еншілерін бөлісіп, екі айырылыпты...