Екі христианның зынданнан шығуына себеп болған оқиға
Екі христианның зынданнан шығуына себеп болған оқиға
6 жыл бұрын 3337
Алау ӘДІЛБАЕВ

Даңқты қолбасшы Фатих Сұлтан Стамбулды алғаннан кейін бүкіл тұтқындарды азат етті. Осы тұтқындардың ішінде екі христиан діндар зынданнан сыртқа шыққысы келмейтіндіктерін айтты. Олар халқына тісі батқан Византия императорына әділ болу керектігін айтқандықтары үшін зынданға тасталған еді. Олар бұдан былай зынданнан шықпаймыз деп ант ішеді. Бұл жағдай Фатих сұлтанға жеткен кезде ол әскер жіберіп, бұл адамдарды құзырына шақыртты. Олар Фатихке не үшін зынданнан шыққысы келмейтіндіктерін айтып берді. Фатих дүниеге лағынет айтып өкінген екі христианға былай дейді: «Сендерге мынандай бір ұсынысым бар. Сендер ислам әділдігінің үкімі жүрген елімді аралаңдар. Мұсылман әкімдер мен халқымның ой-пікірлерін тыңдап, таразылаңдар. Бізден де әлгіндей әділетсіздік көрсеңдер, маған сол сәтте баяндап, өздеріңнің алдыңғы берген уәделерің бойынша зынданға қайта қамалып, дүниеге деген реніштеріңіздің дұрыс екенін дәлелдеңдер».

Фатихтың бұл ұсынысын ол екеуі құп алады. Падишахтан алған рұқсатпен мұсылман елдерін аралауға шығады. Алғаш барған жерлері Бурса еді. Бұл жерде олар мынадай бір оқиғаға куә болады. Бір мұсылман еврейден ат сатып алған екен. Алайда, сап-сау деп сатылған мал ауру болып шығады. Мұсылман кісі қорасындағы аттың ауру екенін алғашқы кеште байқап, таңның атуын сабырсыздана күтеді. Таң сібірлеп атысымен әділқазыға қарай жөнеледі. Бірақ, сол күні әділқазы уақтысында келмей қалады. Біраз күткеннен кейін қазы бүгін келмейтін шығар деп, атты қайтадан қораға алып кетеді. Сол күні қас қылғандай ат аяқ астынан өледі. Бұл оқиғаны кейіннен естіген әділқазы атты сатып алған мұсылманды шақыртып алып мәселені былайша шешкен екен:

– Алғаш келген кезіңізде егер мен орнымда болған болсам, онда атты егесіне қайтарып беріп ақшасын алар едіңіз. Алайда, жұмысқа уақтылы келмегендіктен аттың өліміне мен себепкер болдым. Сондықтан бұл шығынды менің төлеуім керек, – деп, аттың ақшасын мұсылманға қайтарып берген екен.

Бұл екі христиан ислам әділдігінің кереметтігіне, бидің өз қалтасынан шығынды көтергенін көріп таңғалады. Бұл сот үкіміне куә болған поптар ендігі жерде Изник қаласына келеді. Ол жерде мынадай оқиғаға куә болады:

Бір мұсылман екінші мұсылманнан егістік жер сатып алып, егін маусымында жер жыртуға кіріседі. Жер жыртып жүрген кезінде соқасына алтын толы бір құмыра ілінеді. Жүрегі таза мүмін жерді сатып алған кісіге барып құмыраны қайтарып бермек болады:

– Бауырым, мен сенен тек қана жердің бетін сатып алдым ғой. Егер сен бұл жерде алтын бар екенін білсең, ондай бағаға сатпас едің ғой. Мына алтындарды өзің ал, – дейді.

Жердің алғашқы егесінің ойы басқаша еді. Ол былай деді:

– Бауырым, мен саған жерді сатқан кезде бетіндегіні де, астындағыны да тегіс саттым. Сондықтан ол жерден табылған алтынды алуға менің құқым жоқ. Бұл алтындар сенің ақың, не істеймін десең өз еркің, – дейді. Сөйтіп екі мүмін мәмілеге келе алмай бұл іс әділқазы төрелігіне беріледі. Екі жақ өз айтқандарын соттың алдында да айтып тұрып алады. Әділқазы екеуінен бала-шағаларының бар-жоғын сұрайды. Олардың біреуінің тұрмыс құрмаған қызы, бірінің бойдақ ұлы бар екенін білген қазы қызды жаңағы жігітке некелеп, әлгі алтынды қызға қалың мал ретінде береді. Сөйтіп екі жақ құда-жекжат болады.

Бұған куә болған екі христиан бұдан кейін елді аралау әбестік болар деп Стамбулға оралып Фатих сұлтанға: «Мұншалықты әділдік пен бір-бірінің ақысын жемеуге аса абай болудың тек исламда бар екеніне анық көзіміз жетті. Мұндай діннің өкілдері басқа діндегілерге жамандық жасамайды. Сондықтан біз зынданға қайтадан барудан бас тарттық, сендердің басқаруларыңдағы ешбір жанның әділетсіздікке ұшырамайтындығына сендік», – деген екен.

0 пікір