ДӘУ СӘЛДЕЛІ АДАМ (ғибрат хикая)
ДӘУ СӘЛДЕЛІ АДАМ (ғибрат хикая)
4 сағаттан соң 61 mahalla1.ru
Мәулана Жәләләддин Руми, «Мәснауи»

Бір оқымысты жиын-тойларда маған құрмет көрсетсін, жұрт алдында еңселі көрінейін деген оймен, ескі-құсқы маталарды, жыртық-жамауларды жинап, сәлдесінің ішіне тығып толтырады. Содан соң оның сыртын су жаңа матамен әдемілеп орап қояды. Сыртынан қарағанда сәлдесі сондай айбынды, зәулім көрінгенімен, іші толы қоқыс пен матаның қиындылары еді.

Бірде таң сәріде ол осы сәлдесін басына қондырып, медресеге бет алады. Осы кезде жол жиегінде біреуді тонауды көздеп, аңдып отырған ұры мұның басындағы зәулім сәлдені көреді. «Мұны сатып, жақсы ақша табамын-ау» деген үмітпен ұры тап беріп, оқымыстының басындағы сәлдені жұлып алады да, қаша жөнеледі.

Оқымысты ұрының соңынан айқайлап:

 — Балам! Тоқта! Төрт қанатыңмен ұшып бара жатқандай зымырап алып жүгіріп бара жатқан сәлденің ішіне бір қара! Егер сонда да алғың келсе, ала бер, саған адал еттім! — дейді.

Ұры жүгіріп бара жатып, сәлденің орауын жаза бастайды. Орауын жазған сәтте ішіндегі ескі-құсқы шүберектер мен мата қиқымдары жан-жаққа шашылып кетеді. Ұрының қолында «зәулім сәлдеден» небәрі бір аршын ғана ескі мата қалады.

Ұры ашуланып, әлгі матаны жерге лақтырып жібереді де:

 — Ей, алаяқ! Өзіңнің қулығыңмен мені табысымнан айырдың ба? — деп айқайлайды. Сонда оқымысты:

— Иә, мен бұл сәлденің сыртын әдемілеп, жұртты алдадым. Бірақ мен саған: «Алдымен ішін ашып қара, сосын алып кет», — деп ескерттім емес пе? — деп жауап береді.

Бұл дүниенің қызығы мол, өзіне баурап-ақ тұрады. Алайда, сонымен бірге ол өзінің уақытша, мәңгілік еместігін де жар салып айтып тұрады. Осы әлемде жаратылған нәрсенің бәрі уақыт өте келе бұзыла бастайды. Бұл дүниедегі барлық нәрсе үздіксіз пайда болып, артынша ғайып болып жататындықтан, оны «кеун-у фасад» (жаратылу мен бұзылу әлемі) деп те атайды.

Бұқаралық шайыр Рудакидің мынадай мағынадағы өлеңі бар: «Уақыт маған ғибратты насихат айтты, сол насихат мені (нәпсі қалауынан) азат етті. Шын мәнінде, уақыттың жүрісіне байыппен қарасаң, оның өзі тұнып тұрған ғибрат екенін ұғасың. Уақыт маған: «Сыртынан бақытты көрінетін жандарға қызғанып қарама, керісінше, Жаратқанның саған нәсіп еткен қазіргі халіне шүкіршілік ет! Себебі сенің орныңда болғысы келетін адамдар қаншама!» — деді.

Марқұм Наби Урфауи де мынадай жыр жолдарын қалдырған: «Өзіңнен жағдайы төмен адамдарға қарап Аллаға шүкір ету — өзіңнен жақсы тұратындарға деген қызғаныш дертінің емі».

Күндіз жан-жағына шұғыла шашып, жарқырап тұрған Күннің дидарын көргенде, оның батар шақтағы шаршаулы, науқас әрі қанға боялғандай кейіптегі «өлімін» де есіңе ал!

Түнде аспан төрінен толықсып туған Айды көріп, оның сұлу нұрына таңдай қағасың. Бірақ айдың соңында оның қалай жіңішкеріп, азып-тозып, қайтадан толықсуды аңсап, «жан тәсілім» ететінін де ойла. Барлық жаратылысқа тән бұл шындық — адам баласына да ортақ. Оның да құлпырған шағы, кемелденген кезеңі болады, ал содан соң — батар Күндей «зая» шағы келеді!


Мәулана Жәләләддин Руми, «Мәснауи»

0 пікір