Бір сырқат кісінің түсінде Пайғамбарымызды (с.а.у.) көруі және оны Суфян ас-Сауриге жорытуы
Бір сырқат кісінің түсінде Пайғамбарымызды (с.а.у.) көруі және оны Суфян ас-Сауриге жорытуы
3 жыл бұрын 4390

Бұл оқиғаны атақты түс жорушы, сахаба көрген табиғин дін ғалымы Ибн Сирин әңгімелеген.

Баяғыда бір бай мұсылман сырқаттанып қалыпты. Содан түндердің бірінде түсінде Мұхаммед пайғамбарды көреді (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Мұхаммед пайғамбар ол адамға:

«Егер сырқатыңнан айыққың келсе, «Лә»-ні және «Лә»-ні ал (жоқты және жоқты ал), - деп айтыпты.

Оянса түсі екен. Бірақ көрген түсіндегі «Жоқты және жоқты ал» деген сөздің мәнісін түсінбей басы қатады, дегенмен бекер айтылмағаны да анық. Содан төсегінен тұрып, өзімен замандас дін ғалымы, хадисші Суфян ас-Сауриге барады (рахимаһуллаһ). Суфян ас-Саури VIII ғасырда өмір кешген белді дін ғұламаларының бірі. Бір білсе, сол білер деп соның үй жағына жол тартыпты.

Суфян ас-Сауриге барып, алдымен айналадағы кедей-кепшіктерге таратсын деп, он мың күміс ақша аманаттайды. Және көрген түсін жорып беруін, ондағы Алла елшісі айтқан сөздің мәнісін түсіндіруін сұрайды. Сонда ғұлама Суфян ас-Саури Алла елшісінің «жоқты және жоқты ал» деген сөзін былай ашып беріпті:

«Алла елшісінің (с.у.а.) түсіңізде айтқан «жоқты және жоқты ал» деген сөзі - Зәйтүн ағашына ишара. Оны Алла Тағала Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 35-аятында: «Шығыста жоқ және батыста жоқ – берекелі зәйтүн ағашынан (алынған маймен)...» - деп сипаттаған. (Алла елшісінің де «Жоқты және жоқты ал» деуінің мәні сол»). Сондай-ақ, мал-дүниеңнің пайдасы – пақырлармен бөлісіп тұруыңда, - депті абыз ғалым. Кейін әлгі бай расында да сырқатының емін зәйтүн майынан тапқан екен[1].

А. Қасым


[1] Ибн Сирин: «Тәфсируль Ахләмиль Кәбир». (Түстердің үлкен тәпсірі) атты кітабынан.

0 пікір