Бір мәселеге үш ғалымның берген үш түрлі пәтуасына Әбу Ханифаның айтқан қазылығы (оқиға)
Бір мәселеге үш ғалымның берген үш түрлі пәтуасына Әбу Ханифаның айтқан қазылығы (оқиға)
1 жыл бұрын 43182

Бүгін сіздерге Әбу Ханифаның (рахимаһуллаһ) заманында бір ер адамның: «әйелімге талақ айттым ба, айтпадым ба» деп, нақты білмей, ол жағдайда не істеу керектігін білгісі келіп жергілікті ғалымдардан пәтуа сұрағаны жайында әңгімелеп бергіміз кеп отыр. Әлгі адам сұрағына жауап іздеп үш ғалымның алдына барады. Үш ғалым үш түрлі жауап береді. Соңында үш жауаптың қайсысы дұрыс екендігін Әбу Ханифадан сұрайды. Әбу Ханифа үш жауапқа қазылық айтады. Ол әңгімені Имам Тахауи (рахимаһуллаһ) жеткізген жеткен. Әңгіме төмендегінше өрбиді: 

Имам Тахауи (рахимаһуллаһ) айтады: Мұхаммед ибн Аббас пен Ахмед ибн Әбу Имран екеуінен, Исмаъил ибн Мұхаммед ибн Хәммәдтың мына әңгімесін естідім. Исмаъил ибн Мұхаммед ибн Хәммәд былай деп әңгімелейді:

«Әйеліме талақ айтқан, не айтпағанымды нақты білмей, күмәнға түстім. Сосын оның үкімін сұрап білгім кеп, алғашқыда Шүрәйкқа бардым. Шүрәйк маған:

- Әйеліңді талақ ет те, сосын қайта талағыңды кері ал, әрі оған біреуді куә қыл, - деді.

Шүрәйктен кейін Суфян әс-Сәуриге барып дәл сол сұрақты қойдым. Суфян әс-Сәури маған:

- Бар да «талағымды кері алдым, әйелімді қайтардым» дей сал, егер расымен талақ еткен болсаң, әйеліңді қайтарған боласың (ал талақ етпеген болсаң, ол сөзіңнің саған зияны жоқ-ауд.), - деп жауап берді.

Одан соң Әбу Ханифаның шәкірті Имам Зүфәр ибн Һузәйлдің пікірін білгім келіп, одан сұрадым. Имам Зүфәр маған:

- Талақ айтқандығыңды нақты білгенге дейін, ол сенің әйелің болып қала береді! - деп, жауап берді.

Кейін осы үш жауаптың ең дұрысын білгім келіп, Әбу Ханифаға келгенімде, Әбу Ханимфа ол үш жауапты былайша талдап берді:

- Суфян әс-Сәуридің айтқаны - тақуалық. Зүфәрдің айтқаны - фиқһ (фиқһ ғылымы қағидаттарына сай). Ал Шүрәйктің айтқаны болса, әлдебір кісінің «киіміме зәр тамғанын не тамбағанын білмеймін» деушіге: ««киіміңе зәр сындыр да, қайта жуып таста» деп айтқан адамның сөзіне ұқсайды, - деп үш жауаптың қазылығын айтыпты1.

Әбу Ханифаның бұл қазылығынан: Суфян әс-Сәури мен Имам Зүфәрдың жауаптары дұрыс, ал Шүрейктігі қате екендігін ұғуға болады. 


1Имам Зәһәби: «Мәнәқибу Әбу Ханифа». 

Абдусамат Қасым

 

0 пікір